Жетісуда ауылдық округ әкімдеріне үміткерлер ұсыну басталды

Жетісуда ауылдық округ әкімдеріне үміткерлер ұсыну басталды
Сурет: Gov.kz

Сайлау науқаны Алматы облысының 71 округінде өтеді.

25 шілдеде ауылдық округтер әкімдерін сайлау өтеді.Қазіргі кезде 20 үміткер өз кандидатурасын ұсынып үлгерді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 113-3-бабына сәйкес, 2021 жылғы 25 шілдеде ауылдық округтер әкімдерінің сайлауы өтеді. Сайлау науқаны Алматы облысының 71 округінде өтеді. Ақсу ауданы бойынша 9 әкім, Алакөл – 8, Балқаш -6, Еңбекшіқазақ – 10, Ескелді – 1, Жамбыл – 2, Іле – 1, Қарасай – 1, Қаратал – 2, Кеген – 5, Кербұлақ – 4, Көксу - 4, Панфилов - 4, Сарқан - 3, Талғар - 4, Ұйғыр - 6, Текелі қаласы -1 сайланатын болады. Райымбек ауданында, Талдықорған және Текелі қалаларында бос округтердің болмауына байланысты ауылдық округтер әкімдерін сайлау өткізілмейді», –деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

2021 жылғы 25 маусымда облыстың аумақтық сайлау комиссиялары 25 шілдеге 71 ауылдық округте сайлау тағайындады. Сайлау округтерін тағайындау, құру туралы ақпарат, сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың Күнтізбелік жоспары аудандар мен қалалар әкімдіктерінің сайттарында орналастырылған және жергілікті БАҚ-та жарияланатын болады.

Барлығы сайлауда 17 аумақтық және 198 учаскелік сайлау комиссиялары, 1451 сайлау комиссияларының мүшелері жұмыс істейді. Сайлаушылар саны 222 мыңнан астам адамды құрайды.

26 маусымнан бастап әкімдікке кандидаттар ұсыну басталды, ұсыну құқығы саяси партияларға, азаматтарға, өзін-өзі ұсыну жолымен, сондай-ақ ұсыну мерзімі аяқталған күні екіден кем кандидат ұсынылған жағдайда, аудандар мен қалалар әкімдеріне тиесілі.