Түркітілдес елдердің мектеп бағдарламаларына ортақ пәндер енгізілмек

Түркітілдес елдердің мектеп бағдарламаларына ортақ пәндер енгізілмек
Сурет: Іnbusiness.kz

Хаттамаға Халықаралық Түркі академиясына мүше мемлекеттер, яғни Түркия, Әзірбайжан, Қазақстан және Қырғызстан тараптары қол қойды. 

Бауырлас елдердің білім беру саласындағы ынтымақтастықты арттыруға бағытталған оқулықтар түркітілдес мемлекеттердің басшыларының саммитінде берілген тапсырма бойынша әзірленді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Нұр-Сұлтан қаласында Халықаралық Түркі академиясының Ғылыми кеңесі мектеп бағдарламасына «Ортақ түркі тарихы», «Ортақ түркі әдебиеті», «Түркі әлемінің географиясы» оқулықтарын енгізу туралы шешім қабылдады.

Бауырлас елдердің білім беру саласындағы ынтымақтастықты арттыруға бағытталған оқулықтар түркітілдес мемлекеттердің басшыларының саммитінде берілген тапсырма бойынша әзірленді. 

2021 жылы Ыстанбұлда өткен Ғылыми кеңестің 4-отырысында Түркия бастамасы бойынша сарапшылар кездесу өткізген болатын. Нәтижесінде олар «Ортақ түркі тарихы», «Ортақ түркі әдебиеті» және «Түркі әлемінің географиясы» оқулықтарының мәтіндерін мақұлдады. 

XV ғасырға дейінгі түркі халықтарының тарихы жазылған «Ортақ түркі тарихы» оқулығы 7 бөлімнен тұрады. Онда түркі халықтарының тарихы егжей-тегжейлі баяндалған.

«Түркі әлемінің географиясы» оқулығының мазмұны жалпы түркі әлемінің географиялық бейнесін қалыптастыруға, түркілердің географиялық түсініктері мен идеяларын зерделеуге, сондай-ақ тәуелсіз түркі елдерінің географиясын зерттеуге бағытталған.
«Ортақ түркі әдебиеті» оқулығында оқушыларға ұлттық әдебиет тарихы негізінде ортақ түркі әдебиеті мен ортақ мәдени құндылықтар туралы жазылған. 

Ғылыми кеңесте қабылданған қорытынды хаттамаға сәйкес тараптар ортақ оқулықтардың бағдарламалары мен мәтіндерін бекітеді, өз елдеріндегі орта білім беру мекемелерінде «Ортақ түркі тарихы», «Ортақ түркі әдебиеті» және «Түркі әлемінің географиясы» пәндерінің енгізілуін қамтамасыз ету және оқушылар арасында оларды танымал ету үшін түрлі іс-шаралар ұйымдастырмақ.