Жетісу өңірінен шыққан қос тұлғаға ескерткіш орнатылды

Жетісу өңірінен шыққан қос тұлғаға ескерткіш орнатылды
Сурет: Egemen.kz

Бірден айта кету керек, аламан бәйгелі, өсі келе жатқан ұл-қызға тағлымы бар мұндай ауқымды шара Жетісу жеке облыс болып бөлінгелі алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Бұл туралы Almaty-akshamy.kz Egemen.kz-ке сілтеме жасап.

Осылайша Жетісу өңірінің қос алыбы Кеңес Одағының батыры Есмұрат Сиқымов пен академик Жүрімбек Сыдықовтың  ескерткіштері Ақсу ауданының орталығында ашылды. Жастар жадында сақтасын деп, есімдері елге мәлім ғибраттылардыңмүсіндері білім ордаларының алдына орнатылды. Осы тарихи оқиғаға мұрындық болып қана қоймай, түгел шығынын мойнына алған, өзі осы өңірден шыққан айтулы меценат Алматы облысының құрметті азаматы, кәсіпкер Молдияр Нұрбаев бұған дейін де ауданда Ілияс Жансүгіровтың ескерткішінорнатып берген болатын.

«Осының бәрін елге еңбегі сіңген тұлғалы азаматтар ұмытылмасын, ұрпағымыз ертең айтып жүрсін, елжанды  болсын деп жасадық. Егер белгі болмаса бәрі де ұмыт болады. Ескерткіш тұрған соң қасынан өткен адамдар, оқушылар оны біледі, таниды. Бізде сол сияқты батыр болсақ дейді. Батырларға, ғалымдарға қарап бізде солардай болсақ екен деп өстік. Өзіміз ғалым, батыр болмасақ та бизнесте жүрген соң осыны жасадық. Бұның бәрі ұлт, ұрпақ үшін. Өзімнің туып өскен жеріме, еліме үнемі қол ұшын беріп, көмегімді аямауға тырысамын. Туған жерге туыңды тік деген. Әрбір азамат еліне, халқына көмектесуі керек. Отбасымызбен ақылдаса келіп, іс-шараға қажетті қаражат шығарып, Ақсуда осындай үлкен істі ұйымдастырдық. Қолдау көрсеткен Ақсу ауданының әкіміне, әкімдікке алғыс айтам. Еліміз аман болсын, Президент, үкіметтің жасап жатқан жоспарлары іске асса, еліміз әлі де дамып, көркейеді», – дейді ұлт жанашыры атанған Молдияр Нұрбаев.

Осы арада Кеңес одағының батыры майданға дейін Қапалы кентіндегі училищеде білім алса, екінші дүниежүзілік соғыста ерлігімен көзге түскен. 1943 жылы 360-атқыштар полкінде Посудово деревнясын жаудан азат еткен кезде 60-тан аса жау әскерін жойған небәрі 21 жастағы Сиқымовтың өзі де  осы ұрыста қаза табады. КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Сиқымовқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілген. Кейін туған жері Ақсуда көше атауы берілді. Енді міне көптен күткен батырдың ескерткіші де орнатылды.

«Тұлғаларға көрсетіліп жатқан бұндай құрмет жастарға үлгі аларлықтай. Ауданымызда өте үлкен іс-шара өтті. Бабаларымызды ескеріп, жастарға жақсы насихаттың жаршысы болатын, келер ұрпақ ұмытпастай есте сақтайтын шаралар атқарылды. Елін ұмытпай, қашанда үлгілі істерді қолға алатын Нұрбаевтар әулетіне де алғысымыз зор», – деді Жетісу облысы Ақсау ауданының әкімі Есім Базарханов.

Екінші ескерткіш ғалым, ҚР ҰҒА академигі Жүрімбек Сыдықовтың құрметіне қойылса, күллі қазақ жұрты үшін де Сыдықовтың сіңірген еңбегі зор. Геология-минералогия ғылымының докторыжылдар бойы Орталық, Батыс, Оңтүстік аймақтарында жер асты тұщы және минералды су қорларын тиімді пайдалану жолдарын зерттеумен айналысқан.

«Сыдықов Ақсу ауданынан шыққан алғашқы академик. Аудандағы бүгінгі білімді жастар осы адамның ізбасарлары деп білемін. Әкімдік пен Молдияр Қылшықұлы бірлесіп мынандай үлкен іс-шара өткізіп жатыр. Атамызға әдемі ескерткіш тұрғызып берді. Осы іске көмегін аямаған азаматтарға алғысым шексіз», – деді ғалымның туысы Ақмарал Сарқытбайқызы.

Ескерткіштің ашылуынан соң іс-шара ғылыми конференциямен жалғасын тапты. Алматыдан арнайы барған ғалымдар баяндама жасап, қос тұлғаның еңбегіне тоқталды. Ал кәсіпкердің тікелей қаржылық қолдауымен Анкарадан арнайы келген алаштанушы ғалым Елдос Тоқтарбай тұщымды баяндама, тың акпараттар берді.

Жиналған жұрт Жетісу өңірінде бірінші болып салынған Мамани мектебін жөндеп, заманауи келбет берген, халыққа қашан да қайырымдылық іс-шараларын жасап, осы жолғы ескерткіштің ашылуына да ат салысқан Алтынасара Нұрахметоваға да алғыс білдіріп, «Ақсу ауданының құрметті азаматы» төсбелгісін тақты.

Осыдан кейін ресми шаралар ұлттық спорт түрлеріне ұласты. Қазақ күресінен бос кілемге шыққан балуандар бас жүлде үшін күш сынасты.

«Ескерткіштің ашылуына қол ұшын созған жігіттерге, мүсіншілерге, күреске бәйге тіккен азаматтарға да алғыс айтам. Ақсу өңірінде бұндай шара көптен бері болмаған еді. Елім аман болсын!», – деді шараның басты демеушісі, кәсіпкер Молдияр Қылшықұлы.

Ескерткіштен бөлек бәйгенің, концерттік мереке шығындарын да Нұрбаевтар әулеті көтеріп алды.