Жетісу ауданында 40 жоба жүзеге асырылды

Жетісу ауданында  40 жоба жүзеге асырылды
almaty-akshamy.kz

Алматының Жетісу ауданында 2023 жылы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша 40 жоба жүзеге асырылды

Алматының Жетісу ауданында жаяу жүргіншілер-серуендеу және саябақ аймақтарын жайластыру, балалар алаңдарын жөндеу, тротуарларды, пандустарды, арықтарды салу және жөндеу, дыбыс өткізбейтін экрандар орнату бойынша жаңа жобалар жүзеге асырылады. «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша 2024 жылы осы мақсатқа 2 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев Жетісу ауданының тұрғындарымен есеп беру кездесуінде мәлімдеді.

Қала басшысы 2023 жылы осы бағдарлама бойынша 40 жоба іске асырылғанын жеткізді, атап айтқанда, Серіков, Крыжицкий, Станиславский, Сералин көшелеріндегі аулалар мен балалар алаңдарын абаттандыру, Солтүстік айналма жолы, Жайсан, Бөкейханов көшелеріндегі скверлер мен жаяу жүргіншілер аймақтарын салу, Құлагер, Көкжиек, Көкмайса, Айнабұлақ шағын аудандарында, Жұмысшы кентінде тереңдетілген қоқыс контейнерлерін орнату, Құлагер шағын ауданында скейт және паркур алаңын салу, Кеңсуат, Қартқожа, Әлқиса көшелеріндегі, Райымбек даңғылындағы жаяу жүргіншілер көпірлерін абаттандыру. 

Естеріңізге сала кетейік, «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы азаматтардың жергілікті бюджет қаражатын бөлуге қатысуын көздейді. Тұрғындардың өздері абаттандыру идеясын ұсынады, оларды жоба деңгейіне дейін пысықтайды және онлайн дауыс беру арқылы жеңімпаздарды іріктейді. «Халық қатысатын бюджеттің» кез келген мәселесі бойынша қала тұрғындары аудан әкімдігінде, 1308 телефоны немесе budget.open-almaty.kz сайты арқылы Open Almaty әкімдігінің Қоғамдық қабылдау бөлмесінде кеңес ала алады.