Жеті атасын танымайтын қазақтар, Кітап оқымайтын Қазақстан, 112 мың долларлық көлік

Жеті атасын танымайтын қазақтар, Кітап оқымайтын Қазақстан, 112 мың долларлық көлік
Сурет: Almaty-akshamy.kz коллажы

Almaty-akshamy.kz сайтының бүгінгі жаңалықтарына шолу – күн керуені

Тағы да қымбатшылық...

Елімізде теміржол тарифтері көтеріледі. Қызметтер мен билет бағасына қосылатын құн Қазақстан Темір жолының 2 триллион 500 миллиард теңге көлеміндегі сыртқы және ішкі қарызын қайтаруға жұмсалады.

Студенттер де пәтер ала алады

Отбасы банк осы жылдың 1 наурызында «Отау» жаңа тұрғын үй бағдарламасы басталатынын мәлімдеді. 30 сәуірге дейін (қоса алғанда) көпшілік  «Баспана маркет» (otbasybank.kz) порталында бағдарламаға қатысу туралы өтініш жолдай алады. Өтінішті кез келген уақытта беруге болады.

«Отау» бағдарламасына кімдер қатыса алады?

  1. Отбасы банк салымшылары («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы), оның ішінде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар қатыса алады;
  2. Үміткердің жинақ шоты ең кемі 18 айлық болуы керек;
  3. Өтінім беру сәтінде депозиттегі жинақ сомасы 1 млн теңгеден кем болмауға тиіс;
  4. Қатысушы жасы 18-ден 63 жасқа дейін (қоса алғанда);
  5. Бағдарламаға қатысушыда және оның отбасы мүшелерінде соңғы 5 жыл ішінде жылжымайтын мүлік болмауы керек;
  6. Алматы және Астана қалаларынан тұрғын үй алатын жағдайда аталған қалаларда тұрақты тіркеу болуы қажет.

Кітап оқымайтын Қазақстан

Әрбір 4-ші қазақстандық (26,5%) соңғы бір жылда кемінде 1 кітап оқығанын айтқан, қалғандары оқымайды, өйткені оқуға уақыттары жоқ (52%) немесе мүлде оқуды ұнатпайды (21,4%).

Бұл деректі Қоғамдық саясат институты 2023 жылдың қараша айының соңы – желтоқсан айының ортасында жүргізіпті. Сауалнамаға 18 жастан асқан 8 000 қазақстандық қатысқан.

Зерттеушілердің пікірінше, оқу белсенділігінің төмен болуының тағы бір себебі – кітаптар мен кітапшалардың жалпы және орташа таралымының төмендеуі. Шыққан кітаптардың 80 пайыздан астамы оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар. Сонымен қатар, сауда нүктелеріндегі кітап өнімдері құнының қымбаттығы әсер етеді.

Өзіміздің тауықтың жұмыртқасын жейміз

Себебі Қазақстан жұмыртқа импортына шектеу қояды. Елімізге тауық жұмыртқасын көлікпен тасымалдауға жарты жылға тыйым салынбақ. Министрліктің хабарлауынша, бұл отандық шаруаларды қолдау үшін жасалып отыр. Оның үстіне қазір бізде 56 миллионнан астам құс бар. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда 15 пайыздай көбейген. Ал былтыр өндірілген жұмыртқа саны 5 миллиардқа таяу. Бұл ішкі нарықты қамтуға жеткілікті дейді мамандар. Тыйым бірінші мамырдан бастап әрекет етпек.

Жеті атасын танымайтын қазақтар

Археологтармен бірлесе отырып, генетиктер көне сүйектердің ДНҚ айырып әртүрлі заманғы, олардың генетикалық варианттарын анықтап, солармен салыстырып, ақпарат беруге болатынын анықтаған.

«Бізге тапсырған адамдардың толық Ү-хромосомаларын  салыстыра келіп, кейбір адамдардың көне Ирандағы варианттармен ұқсастығын көрсетті», дейді Адам генетикасы зертханасының меңгерушісі Мақсат Жабағин.

«Иран, Ауғанстан, Пәкістандағы қандастарымызға қарайтын болсақ, оларда құжат жоқ. Яғни қазақ екенін дәлелдей алмайды. Бірақ мұны тексеру қажет. Себебі Ауғанстанда тұруды ешкім қалай қоймас. Ал елге келу оңай болса, бәрі қазақпыз деп те шыға алады», - дейді тарихшы Жақсылық Сәбитов.

«100% ДНҚ арқылы руды айтуға болмайды. Бірақ оның рулармен туыстығын айтуға болады. Ортақ атасының кім болғанын және қашан өмір сүргенін анықтауға болады. Қазір өмір сүріп жатқан басқа халықтармен салыстыра келіп, пайыздық мөлшерде өңірлерді көрсете алады. 80%, мысалы, орталықазиялық, 10% шығысазиялық, 10%, мысалға, еуропалықтармен кезінде бұрын ортақ ата-бабаларыңыздан қалған генетикалық варианттар бар екенін көрсетеді», - дейді Адам генетикасы зертханасының меңгерушісі Мақсат Жабағин.

Қазақстан бітімгерлері Голан жоталарына бармақ

Оларға ай сайынғы жалақысы үш есе төленетін болады. Қорғаныс министрлігі Қазақстан бітімгерлерінің Голан жоталарына аттануға дайындалып жатқанын айтты.

Миссияны орындау үшін қазақстандық әскери қызметшілер БҰҰ-ның талаптары мен стандарттарына сәйкес, мұқият іріктеуден және даярлықтан өтті. Кешенді алты айлық дайындық Қорғаныс министрлігінің Бітімгерлік операциялар орталығында ұйымдастырылды. Әскери қызметшілерді оқытуға бітімгерлік операциялар, минадан тазарту және әскери медицина орталықтарының нұсқаушылар құрамы қатысты. Әскери қызметшілер ағылшын тілін, күш қолдану ережелерін, халықаралық және гуманитарлық құқық нормаларын оқыды.

112 мың долларлық көлік

Қытайлықтар шығарған жаңа көлік үлгісі ET9 седаны қар мен мұзды өздігінен «сілкіп тастауға» қабілетті. Бұл қызықты нұсқа дірілдейтін шасси функциясының арқасында мүмкін болды. Оның көмегімен автомобиль бір жағынан тербелмелі қозғалыстар жасайды. Өз өзін сілкілеген кезде көлік үстіндегі қар мен мұз түсіп қалады. Электромобиль бес минуттан аспайтын уақытта зарядталатын жеңіл электр қозғалтқыштарымен жабдықталған, көліктің қуат қоры 255 шақырымға жетеді.

Экс-депутаттан қысым көрген тілшілер үндеу жасады

Dalanews/DALA INSIDE редакциясының  журналистері Астана қаласы мәслихатының экс-депутаты, «G-Park» құрылыс компаниясы және оның басшысы Ғабит Сатмағамбетов тарапынан қысым көріп, үндеу жасады.

Dalanews және DALA INSIDE редакцияларының тәуелсіз журналистері «G-Park» құрылыс компаниясы және оның басшысы Ғабит Сатмағамбетов туралы материалдар жарияланғаннан кейін қысымға тап болғанын хабарлай отырып, ҚР Бас прокуроры Б.Асыловтан, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі А.Балаевадан, ІІМ министрі Е.Сәденовтен, «Әділ Сөз» Халықаралық сөз бостандығын қорғау Қорынан, Қазақстан журналистер Одағынан, Қазақстан Транспаренси қорынан, Internews-тен, барлық ақпарат құралдары мен журналистерден қолдау сұрады.

ІІМ DALA INSIDE үстінен қозғалған істі тоқтатты

Almaty-akshamy.kz DALA INSIDE журналистерінің үндеу жасағанын хабарлағаннан кейін Ішкі істер министрлігі әділ тергеу жүргізіп, DALA INSIDE үстінен қозғалған істі қылмыс құрамы болмағандықтан тоқтатты. ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева істі жеке бақылауында ұстап отырды.

Dalanews/DALA INSIDE редакцияларының ұжымы істі объективті қарастырған Ішкі істер министрлігі мен салалық қолдау білдірген Мәдениет және ақпарат министрлігіне алғыс білдірді.

20 ақпан – кәсіби ішкіштер күні

Шын мәнінде, бұл күн оны алкогольдік ішімдіктермен атап өтуге шақыру емес. Бұл  –  осы проблеманы, яғни ішімдікке салынудан арылған, осындай қиындықты жеңген адамдардың күні деген дұрыс болар.

Бір қуантатыны, барлық адамдар бұл зиянды тәуелділікке бейім емес. Көпшілігі белгілі бір себеппен немесе себепсіз ішеді. Бірақ біржола басымен араққа ден қойып кетпейтіндер де бар. ДДСҰ статистикасы бойынша, жер халқының шамамен 2% - ы алкогольге тәуелді және жыл сайын шамамен 3,3 миллион адам тәуелділіктің салдарынан қайтыс болады.

«Уақыты келгенде, сіздерге жол береміз...»

Президенттік жастар кадр резервінің форумына қатысқан Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді.

Президент қайда жүрсе де, үнемі еліміздің жас ұрпағы жөнінде айтатынын еске салды.

«Мен сіздерге зор сенім артамын. Экономикада, мемлекеттік қызметте немесе басқа секторда жұмыс істеп жүрген жастарымызға қолдау білдіру үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймын. Сіздер өмірдің базарына енді келген, ал біз қайтып бара жатқан адамдармыз. Бұл – қалыпты дүние. Уақыты келгенде, сіздерге жол береміз. Біз зейнетке шығамыз, орнымызға сіздердей жалынды жастар келеді. Бірақ сіздер туған елге, Отанға қызмет етуге дайын болуларыңыз қажет. Өйткені күрделі заманға тап келіп тұрмыз. Көптеген қиындықтарды бастан өткеріп жатырмыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.