Журналистер экс-депутаттан қысым көріп үндеу жасады

Журналистер экс-депутаттан қысым көріп үндеу жасады
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Dalanews/DALA INSIDE редакциясының  журналистері Астана қаласы мәслихатының экс-депутаты, «G-Park» құрылыс компаниясы және оның басшысы Ғабит Сатмағамбетов тарапынан қысым көріп, үндеу жасады, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz

Dalanews және DALA INSIDE редакцияларының тәуелсіз журналистері «G-Park» құрылыс компаниясы және оның басшысы Ғабит Сатмағамбетов туралы материалдар жарияланғаннан кейін қысымға тап болғанын хабарлай отырып, ҚР Бас прокуроры Б.Асыловтан, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі А.Балаевадан, ІІМ министрі Е.Сәденовтен, «Әділ Сөз» Халықаралық сөз бостандығын қорғау Қорынан, Қазақстан журналистер Одағынан, Қазақстан Транспаренси қорынан, Internews-тен, барлық ақпарат құралдары мен журналистерден қолдау сұрайды. 

DALA INSIDE «G-Park» туралы алғашқы материалдардан бастап оқиғалар хронологиясын төмендегідей баяндайды.

«Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің 2023 жылғы 22 желтоқсандағы «G-Park компаниясына жаңа нысандардың құрылысын бастауға тыйым салу» туралы барлық БАҚ-та таратылған жария мәлімдемесі, экс әкім Алтай Көлгінов отставкаға кеткеннен кейін құрылыс компаниясында проблемалар басталғандығын, бұрынғы полиция қызметкері Ғ.Сәтмағамбетовтің жағдайы мәз емес деген тұжырымды растай түсті. Себебі, алдымен «G-Gark» ЖШС «Женева» МЖК нысаны бойынша бойынша жосықсыз құрылыс салушылар тізіміне енгізілді. Ал одан кейін рұқсат құжаттары жоқ ТК құрылысына қатысты жанжалдар, 2023 жылғы тамызда кеңседе үлескерлердің митингілері орын алды. Бұған дейін Астанада құрылыс компанияларының басшылары қашып, зардап шеккен үлескерлердің құқықтары мемлекет тарапынан бірнеше рет қорғалғандықтан, олардың міндеттемелері тиісінше салық төлеушілердің қалтасынан, ел бюджетінен жабылды. Бұқаралық ақпарат құралдарында жеке құрылыс компаниясының капиталын немесе бизнесін қорғасын деген еш міндеттеме жоқ. Журналистер өздерінің кәсіби борышына байланысты тек қана азаматтарды, үлескерлерді және мемлекетті алдағы тәуекелдер туралы ескертуге міндетті. Сондықтан мұндай күрделі мәселелерді уақтылы анықтау және жариялау көбінесе үлескерлердің құқықтарын жаппай бұзуды тоқтатуға және алдын алуға мүмкіндік береді. Біздің редакцияның қызметі дәл осы мақсатқа бағытталған. 
2023 жылдың 25 желтоқсанында DALA INSIDE телеграм арнасында «Қуат» оқиғасы қайталанады. «G-Park» құрылыс компаниясының басшысы Ғабит Сатмағамбетов Дубайда жасырынуға көшті» тақырыбымен материал жарияланды. 
Аталған материал шыққаннан кейін «G-Park» басшысы Ғабит Сатмағамбетов өзінің Instagram парақшасында Астанада екендігін жариялап, редакцияға біздің жарияланымды жоққа шығару туралы талап жіберді. Осыдан кейін, 2023 жылдың 28 желтоқсанында DALA INSIDE Ғабит Сатмағамбетовтың Астанада екендігі туралы ақпаратына сілтеме жасай отырып, алдыңғы материалды теріске шығарады. Яғни, жарияланған ақпарат жедел түрде теріске шығарылып, ескі пост алынып тасталғаннан кейін, мәселе сол жерде жойылды деп есептедік. Алайда Сатмағамбетов мырза жоқ жерден «тырнақ астынан кір іздеуді» жалғастырды» - дейді Dalanews/DALA INSIDE редакциясының  журналистері.

Ғабит Сатмағамбетов журналистердің негізсіз шабуылына ұшырап, Дубайға бармағандығын алға тартып 2024 жылдың 4 қаңтарында Астана қаласы полиция департаментіне арыз жазған. Осыдан кейін Астана қаласы полиция Департаментінің жедел тергеу басқармасы 365info.kz және DALA INSIDE редакция қызметкерлерінен жауап алу үшін оларды Алматы мен Астана қаласынан шақырған.
Қазіргі уақытта журналистер тінту, кеңсе техникасын алып қою және қамауға алуға санкция беру қаупі бар деп қауіптенуде.

«БАҚ туралы Заңның 20-бабына қарамастан, тергеушінің негізгі мақсаты журналистерді даулы құрылыс компаниясы туралы ақпаратты қай дереккөзден алғанын ашуға мәжбүрлеу болды. Астана қалалық Полиция департаментінің тергеу басқармасы нақты күдіктінің жоқтығына және біздің ақпаратты жария етпеу туралы еш құжатқа қол қоймағанымызға қарамастан, аталған іс туралы ақпараттың ашылғаны үшін жауапкершілік болатынын қайта-қайта ескертуге тырысты. Біз өзіміздің дұрыстығымызға және ақпаратымызды беру тәсіліне сенімдіміз. Сондықтан сотта өз позициямызды соңына дейін қорғаймыз және адал, кәсіби журналистика құқық қорғау органының бұрынғы қызметкері, G-Park бизнесін ұстаушы Ғ.Сатмағамбетовтың амбициясынан, оның байланыстарынан да жоғары екенін дәлелдейміз. Ол өз бизнесінің проблемаларынан алшақтап шетелге кетті деген сөзге ренжіді. Ал бұл құрылыс компаниясына сенген үлескерлерінің тағдыры қалай болмақ? Біз олардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғай аламыз ба? Біз бұл сұрақтарға артынан жауап алатын боламыз. Өйткені үлескерлердің митингілері мен құрылысқа тыйым салынғанына қарамастан, Сатмағамбетов тұрақты түрде әлем бойынша саяхаттауды жалғастыруда және көптеген елдерге барып үлгерді. Осыдан кейін, ол шетелден шықпаса, бизнестің проблемаларынан алшақтады деп қалай айта алмаймыз?» - дейді редакция журналистері.

Аталған мәселе ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Айда Балаеваның назарынан тыс қалмады. А.Балаева  тәуелсіз басылымының айналасындағы жағдайды бақылауға алғаны жайында өзінің әлеуметтік парақшасында жазба жариялады.

«Қазақстан Республикасының Конституциясына, сондай-ақ «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңға сәйкес елімізде сөз бостандығына кепілдік берілгенін, цензураға тыйым салынғанын атап өту маңызды.
Сонымен қатар, жоғарыда аталған заңның 20-бабына сәйкес, журналист авторлық және ақпарат көздерiнiң құпиясы соттың талап етуiмен жарияланған жағдайларды қоспағанда, құпияны сақтауға құқығы бар.
Қазіргі уақытта Dala news редакциясы бұрын жарияланған мәліметтерді жоққа шығарып, сол арқылы қолданыстағы заңнамаға сәйкес БАҚ міндеттемесін орындаған мақала жариялады.
Осы фактіні назарға ала отырып, Министрлік жағдайды ерекше бақылауда ұстайды. Сондай-ақ аталған БАҚ-қа көрсетілуі мүмкін қысымнан қорғау мақсатында құқық қорғау органдарымен бірлесіп тиісті жұмыс жүргізуде», -делінген жазбада.

Өз кезегінде Dalanews, DALA INSIDE және «Қала мен Дала» газетінің құрылтайшысы өз жұмысын атқарған редакция журналистерін аяғына дейін қорғауға ниетті.