Жасұлан БОСТАНДЫҚҰЛЫ,  «Алматы студенттер альянсы» КҚ жетекшісі: Ашық жұмыс істеудің маңызы зор

Жасұлан БОСТАНДЫҚҰЛЫ,  «Алматы студенттер альянсы» КҚ жетекшісі: Ашық жұмыс істеудің маңызы зор
almaty-akshamy.kz

Бүгінгі кезектен тыс съезде Nur Otan партиясының аты Amanat болып өзгеруі – партияның түбегейлі ребрендингі деп түсінеміз. Яғни, ұйымның тек аты ауысып қана қоймай, ішкі құрылымында да бірқатар өзгерістер орын алуы керек.

Қазақта «аманатқа қиянат жасама» деген сөз бар. Осы нақылға сүйене отырып, Amanat партиясы халықтың ниет-тілектерін ескеріп, өз міндетін мүлтіксіз атқарады деп сенеміз. Сонымен қатар партия жиналысында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бюрократияның көзін жою керектігін нақты белгіледі.

Бұл мәселе біраз жылдан бері талқыланып, шешімін таппай келеді. Сондықтан осы мәселе алдағы уақытта толық шешіліп, Amanat партиясы заманауи цифрланған жүйемен жұмыс істейді деп ойлаймын.

Ел Президенті басшылардың мәселені өз кабинеттерінде емес, халық ортасында, елмен жүріп шешу керектігін айтты. Халықпен тікелей байланыс орнатып, ашық жұмыс істеудің маңызын ескертті.

Жиналыста антиресейлік санкциялардың Қазақстанға әсері де талқыланып өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеде Үкіметке нақты шаралар қабылдап, экономикалық тұрақтылықты сақтау үшін жоспар құруды тапсырды. Осы жоспардың нақты сатыларын Мемлекет басшысы 16 наурызда жариялайтын өз  Жолдауында анықтап айтады деп күтеміз.