Жастар Әділетті Қазақстанда өмір сүрсе деймін

Жастар Әділетті Қазақстанда өмір сүрсе деймін
almaty-akshamy.kz

Мұрат ҚҰСАЙЫНОВ, «Дос-Мұқасан» тобының әншісі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

– Көңіл-күйім тамаша! Табиғат та бүгін бізге қолдау көрсетіп, күн жарқырап шығып тұр. Мен бұл күнді ұзақ күттім. Іштей бір саяси өзгеріс болу керек сияқты болып тұратын. Міне, қазір ғана №262 сайлау учаскесіне отбасыммен келіп, дауыс бердік. Дұрыс таңдау жасадым. Кімге дауыс бергенім өзіме белгілі.

Жалпы, мен елімізде оң өзгерістер болғанын қалаймын. Еліміз әл-ауқатты, бақуатты ел болса деймін. Тәңірдің бізге берген байлығы өзіміздің халқымызға, болашағымызға бұйырса екен. Сондықтан бүгінгі сайлаудан  үлкен үміт күтемін. Осындайда аузы дуалы бір азаматтың: «Біздің Қазақстаннан артық еліміз де, жеріміз де жоқ. Басты байлығымыз - Қазақстан», - деп айтқан сөзі ойыма оралып тұр. Сондықтан Қазақстанның  әрбір азаматы өз елінің баянды, тұрақты болуына үлесін қосуы керек. Жастарымыз, немерелеріміз Әділетті  Қазақстанда өмір сүрсе деген арманым бар. Қазіргідей геосаяси жағдай ушығып тұрған кезеңде біздің елімізде, шүкіршілік, тыныштық болып тұр. Жалпы, қазақ халқы қонақжай, дархан пейілді ғой. Осынау тыныш, бейбіт өмір сол пейілінен, қасиетінен шығар деймін. Әрбір адам болашақтан үміт күтеді. Бір күннен бір күн жақсара түседі. Сайлаудан кейінгі күніміз бұдан да жақсы болса деймін.