ЖАСАМПАЗДЫҚ ЖОЛЫ: 30 ЖЫЛДЫҢ 30 СӘТІ

ЖАСАМПАЗДЫҚ ЖОЛЫ: 30 ЖЫЛДЫҢ 30 СӘТІ
almaty-akshamy.kz

Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық. Сондай-ақ, халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы.Барлық бастамамыз осыған бағытталуда.Біз тұғыры мығым ел болу жолында кедергілерді еңсеріп, қиындықтарды жеңіп келеміз. Мұның бәріне берекелі бірлік пен еселі еңбек арқылы жеттік.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

2009 ЖЫЛДЫҢ  БАСТЫ  ОҚИҒАЛАРЫ

 

  1. Нұрсұлтан Назарбаевтың «Дағдарыстан - жаңару мен дамуға» атты   Қазақстан халқына Жолдауы
  2. «Нұр Отанның» 10 жылдық мерейтойы
  3. 2009-2014 жылдарға арналған дағдарысқа қарсы бағдарлама
  4. Семей ядролық полигонында сынақтардың жойылғанына - 20 жыл!
  5. Дүниежүзілік  және дәстүрлі діндер басшыларының ІІІ съезі.
  1. Қазақстан,Ресей,Беларусь мемлекеттерінің Кеден Одағының құрылуы
  2. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму аясында Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі даму Стратегиясының қабылдануы.

     Бұл жылы  мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатының негізгі бағдары  халықтың әлеуметтік қамсыздандырылуын қамтамасыз етуге,   дағдарыс кезеңін еңсеру үшін  ұлттық экономиканың  қуатын арттыруға  бағытталды. Әлеуметтік-экономикалық тұрақтандыру мен дағдарыстан кейінгі  дамудың  тиімді жолдарын қарастыру мәселелері  үкіметтік жиындардың  тұрақты  тақырыбына айналды. Президенттің дәстүрлі Жолдауы да осы қырынан ерекшеленді. Базалық инфрақұрылымды дамытуға, экономиканы модернизациялауға, қолға алынған  инвестициялық жобаларды қаржыландыру мен жүзеге асыруға, жергілікті автокөлік жолдары құрылыстарын  жүргізуге, қайта жаңғыртуға, жөндеуге, әлеуметтік инфрақұрылымды  жаңартуға, оның ішінде, мектептер мен ауруханаларға ерекше көңіл бөлуге, нақты  елді-мекендерде жергілікті маңызды нысандарды дамытуға, аймақтық жұмыспен қамту мен кадрларды қайта даярлауға, жұмыс орындарын көптеп ашуға және т.б  айырықша басымдық берілді. Елбасы бұл ретте Үкіметтің  2009-2011 жылдарға арналған дағдарысқа қарсы бағдарламасының бес бағыты – қаржы секторын, құрылыс саласын, шағын және орта бизнесті, агроөнеркәсіптік кешенді, инновациялық-индустриалдық дамуды  қолдауға ерекше маңыз берді. 2010 жылға арналған  үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы  құны 42 млрд.доллар болатын 83 ірі жобаны біріктірді.Мұның өзі ел экономикасын инновациялық  бағытқа жұмылдыру арқылы жаңа Кедендік Одақтағы Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатын көздеді.Тұрғындарды әлеуметтік қорғау саласында жол құрылыстарын жүргізуді,әлеуметтік нысандарды салуды, тұрғын үй-коммуналдық  шаруашылықтың инфрақұрылымдарын  дамытуды көздеген  «Жол картасы» бағдарламасы айтарлықтай табысты болды. 400 мыңдай жаңа жұмыс орындары ашылды. Шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау нәтижесінде осы саладағы бағдарламаларды  несиелеуге  340 млрд.теңге бөлінді.Сол арқылы жұмыссыздық  6,5 пайызға төмендеді.

Біздің  дәйектеме: 2009 жылы  Мемлекет басшысының қатысуымен өткен «Жаңа индустрияландыру – жаңа мүмкіндіктер»  атты жалпыұлттық интерактивті телекөпірде өңірлерде индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын жобалар таныстырылды.

 Жалпы сомасы 114 млрд. теңгені құрайтын  16 индустриалдық жоба іске қосылды. Мұның өзі төрт мыңдай жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Жаһандық экономикадағы дағдарысты кезеңге қарамастан Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы жоғары нәтижелермен ерекшеленді. Құны 3 млрд.доллар болатын 170 өндірістік және инфрақұрылымдық нысан  пайдалануға берілді,бұл кәсіпорындарда 9 мың жұмыс орындары ашылды. Стратегиялық маңызды нысандар: «Түркменстан-Өзбекстан-Қазақстан-Қытай»  газ құбыры (қазақстандық бөлігі 1300 шақырым), «Солтүстік-Оңтүстік» жоғарывольтті электр тарату желісі (1100 шақырым), Астана қаласындағы локомотив құрастыру зауыты, Құмкөлдегі газ өңдеу зауыты,»Астана-Бурабай» автобаны іске қосылды.

Жалпы, 2009 жыл  Қазақ Елі үшін инвестициялық  табыс жылы болды деуге болады. Елбасының тікелей араласуымен  және  оның халықаралық беделінің арқасында  Франция, Оңтүстік Корея, Италия, Қытай,Түркия, Беларусь мемлекеттерімен  25 млрд. доллардың  бірлескен жобаларын игеру туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді.

24-26 қаңтар

Елбасы  мемлекеттік сапармен  Үндістан Республикасына барды. Нұрсұлтан Назарбаев  пен Үндістан Президенті  Пратибха Девисингх Патил  екіжақты  маңызды  мәселелелер төңірегінде пікір алмасты. Делиде өткен бизнес-форумда Қазақ басшысы үндістандық кәсіпкерлерді Қазақстанға инвестиция құюға шақырды.

28-29 қаңтар

 Мемлекет басшысы   Швейцария Конфедерациясының Давос қаласында өткен дәстүрлі  дүниежүзілік экономикалық форумға қатысты. Алқалы жиын аясында Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар мемлекеттер басшыларымен, қаржылық ұйымдар жетекшілерімен  маңызды келіссөздер жүргізді.

3  ақпан

Жұмыс сапарымен Германия Федеративтік Республикасына барған Нұрсұлтан Назарбаев ГФР-дің Федералды Президенті  Хорст Келермен және ел канцлері Ангела Меркелмен кездесті. Осы сапар аясында Қазақстанның Германиядағы жылы ашылды. Елбасы Берлинде өткен екі ел кәсіпкерлерінің бизнес-форумында сөз сөйледі.

4 - 5 ақпан

Мәскеуде  Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының  (ҰҚШҰ)  саммиті және  Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың мемлекетаралық кеңесінің кезектен тыс басқосуы  өтті.  Мәскеу сапары  аясында Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Президенті Дмитрий Медведевтің  кездесуі болды.  Мемлекеттераралық бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды.

25 ақпан

Қазақстанда  екінші Ұлттық халық санағы басталып, 6-наурыз күні  Статистика агенттігі  оның жалпылама қорытындысын жариялады. Бұл күні таңғы сағат 8.00-де еліміз  бойынша бір уақытта 50 мыңға жуық есепшілер санаққа кірісті. Санақтың ресми дерегі бойынша Қазақстандағы мемлекет құраушы ұлттың саны тұңғыш рет 63 пайыздан асты. Қорытынды құжатқа сәйкес санақтан 15 миллион 555000 адам өткен.

6  наурыз

Елбасы  Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысында сөз сөйлеп, өзінің  «Дағдарыстан жаңару мен дамуға» атты Қазақстан халқына Жолдауын жария етті.

Тарихи дерек

    «Қадірлі қазақстандықтар! Қазір бүкіл әлем жұртшылығы экономикалық дағдарыстың қиындықтарын бастан өткеруде.Жаһандық дағдарыс дауылы алпауыт мемлекеттерді де шайқалта бастағанын бәріңіз көріп, біліп отырсыздар. Дағдарыс салқыны бізді де айналып өткен жоқ...Мемлекет дағдарыстың алдын алудың барлық шараларын жасауда. Ұлттық қордан бөлінген ауқымды қаражат қазір отандық экономиканың кідіріссіз жұмыс істеуіне қызмет ете бастады.Әлеуметтік кепілдіктер толығымен сақталып отыр.Олай болса, бұл дағдарыстан да біздің аман-есен өтетініміз айдан анық. Дағдарыстар өтеді, кетеді. Ал, мемлекет тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты құндылықтар мәңгі қалады. Алдымызда бізді үлкен белес күтіп тұр. Ол – Қазақстан тәуелсіздігінің жиырма жылдығы...Тәуелсіздік – ата-бабаларымыздың жүздеген жылдармен өлшенетін арман-аңсарының жүзеге асқан ақиқаты. Сол себепті  тәуелсіздіктің әрбір жылының біз үшін мәні бөлек, маңызы айрықша.  Халқымыздың басына түскен қандай да бір сынаққа қарамастан біз тәуелсіздігімізді нығайту жолындағы жасампаз істерімізді жалғастыра бермекпіз....Қиындық атаулыны жеңетін бір-ақ күш бар, ол – бірлік. Еліңді, жеріңді қорғау үшін бірлік қаншалықты қажет болса, тәуелсіздік жемістерін, бүгінгі қол жеткен табыстарымызды сақтап қалу үшін ол сондай қажет.

(Елбасы  Н.Ә.Назарбаевтың

Қазақстан халқына Жолдауынан. 2009 жылғы 6 наурыз.).

11  наурыз

Елордада  ІІ Астана экономикалық форумы өз жұмысын бастады. Форум аясында  мемлекет басшысы  Сауд Арабиясы Корольдігінің экономика және жоспарлау министрі  Халед бен Мухаммед әль-Ксебимен, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ Еуропалық экономикалық ұйымының  атқарушы хатшысы Я.Кубишпен екіжақты кездесулер өткізді.

16-17 наурыз

 Нұрсұлтан  Назарбаев  ресми сапармен Біріккен Араб Әмірліктерінде болды. Елбасы БАӘ  Президенті шейх Халифа бен  Заид әл-Нахаянмен кездесіп, екі ел арасындағы ынтымақтастықты көздейтін маңызды төрт құжатқа (Қазақстан мен БАӘ арасындағы  азаматтық және коммерциялық істер бойынша  құқықтық көмек туралы келісім, Қазақстан мен БАӘ арасындағы  қылмыскерлерді ұстап беру туралы келісім, Қазақстан мен БАӘ арасындағы  қылмыстық істер  бойынша өзара құқықтық көмек  туралы келісім, Қазақстан Сыртқы істер министрлігі мен БАӘ Сыртқы істер министрлігі арасындағы  саяси консультациялар жөніндегі  өзара түсіністік туралы меморандум) қол қойылды.

16-18  сәуір

 Мемлекет басшысы  мемлекеттік сапармен Қытай Халық Республикасына барды.  ҚХР  төрағасы  Ху Цзиньтаомен, ҚХР мемлекеттік кеңесінің премьері Вэнь Цзябаомен кездесулерде екіжақты мемлекеттік қарым-қатынастың маңызды уағдаластықтарына қол жеткізілді.  Осы сапары аясында Нұрсұлтан Назарбаев  «Дағдарыстан кейінгі басқару» тақырыбымен  Хайнань провинциясының  Санья қаласында өткен  дәстүрлі жыл сайынғы Боао-Азия экономикалық форумына қатысты.

28  сәуір

Алматыда Халықаралық  Аралды құтқару қорының  құрылтайшы мемлекеттер басшыларының саммиті өтті. Оған Нұрсұлтан Назарбаев төрағалық етті. Арал теңізі бассейніне көмек көрсетудің 3-ші бағдарламасы жасалатын болып келісілді. Мемлекет басшысы Қазақстан тарабы Солтүстік Аралды сумен көбірек қамтамасыз етуге және Сырдария өзенінің өткізу қабілетін күшейтуге  бағытталған «Сырдария өзенінің арнасын және Арал теңізінің солтүстік бөлігін реттеу» жобасының бірінші кезеңін аяқтағанын хабарлады. Саммит аясында Қазақстан мен Өзбекстан Президенттері Н.Назарбаев пен  И.Каримов  екіжақты кездесу өткізіп, мемлекетаралық ынтымақтастықтың маңызды мәселелерін  талқылады.

13  мамыр

   Қазақстанға  Корея Республикасының президенті Ли Мен Бак ресми сапармен келді. Екі мемлекет басшыларының мазмұнды келіссөздерінен кейін бірлескен мәлімдеме қабылданып, бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды.

18  маусым

Семейде  ядролық полигондағы сынақтардың тоқтатылуының 20 жылдығына арналған салтанатты шара өтті.  (Суретте:    Сынақ полигонының мәңгіге  жабылуының соңғы сәті).

1 шілде

Нұр-Сұлтандағы  Бейбітшілік және келісім сарайында, Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен  Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ІІІ съезі  ашылды.  Оған әлемнің әр қиырынан  400-дей делегат қатысты.

2 тамыз

Мемлекет басшысы  «Жетіген – Қорғас»  темір жол желісі   құрылысының ашылу салтанатына қатысты.

30  тамыз

Қазақстан тарихында алғаш рет  Конституция күніне орай  Нұр-Сұлтандағы  «Қазақ Елі» монументі алаңында   әскери шеру  өтті. Шеруде  Елбасы, Қазақстан Қарулы Күштерінің  Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі.

12  қыркүйек

Ақтауда   Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Түрікменстан  мемлекеттері басшыларының  бейресми кездесуі болып өтті. Экономикалық байланысты нығайтудың, мемлекеттер қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды мәселелері қаралды.

26  қазан

Нұр-Сұлтандағы Бейбітшілік пен келісім сарайында  Қазақстан халқы Ассамблеясының XV сессиясы өтті. «Ұлттық бірлік – біздің стратегиялық таңдауымыз» тақырыбымен өткен сессияға Нұрсұлтан Назарбаев төрағалық етті.

27  қараша

Мемлекет басшысы  Минскіде өткен  Кедендік одаққа қатысушы мемлекеттер - Қазақстан, Ресей, Беларусь елдері Президенттерінің  үшжақты кездесуіне қатысты. Кеден одағын құру туралы құжатқа қол қойылды. Осы құжатқа сәйкес, 2010 жылғы шілденің 1-інен бастап үш мемлекеттің – Қазақстан, Беларусь пен  Ресейдің Біртұтас Кеден аумағы жұмыс істей бастады.

 4  желтоқсан

Грекия астанасы Афиныда  өткен ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлері  кеңесінің 17-ші отырысында  Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және  ынтымақтастық ұйымына  төрағалық ету тізгінін ресми түрде қабылдап алды.

12 желтоқсан

Нұр–Сұлтанда Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаевтың және ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтаоның қатысуымен «Түрікменстан - Өзбекстан - Қазақстан - Қытай» газ құбырының қазақстандық учаскесін пайдалануға беру рәсімі өтті. «Әлемде қандай жағдай болмасын, Қазақстан мен Қытай арасындағы қатынас ізгілікті және достық жағдайында қала береді. Бүгін Қазақстан мен Қытай арасындағы энергетикалық әріптестіктің аса маңызды жобасы жүзеге асып отыр. Қытай сіздердің елмен ынтымағын одан әрі арттыруға мүдделі әрі дайын», - деді ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтао.

 ЖЫЛ  ТҮЙІНІ

 «... Біз әлемдік қоғамдастық мақұлдаған, кейіннен мойындаған өз жолымызға, қазақстандық жолға түстік. Міне, 18 жылдан бері күн сайын және сағат сайын біз жаңа Қазақстанды – өз мақсаттарымыз бен үміттеріміздің мемлекетін құруда, өз жоспарымызды іске асырып келеміз, – деп атап өтті Н.Назарбаев. – Өткен жылдар ішінде қазақстандық мемлекеттілік нығайды, халықтың бірлігі сақталды. Қарқынды жаңғыру стратегиясы жүзеге асырылды, заманауи нарықтық экономика қалыптасты. Біз интеграцияға шақырған көпвекторлы сыртқы саясаттың негізін қаладық – бұл сөздің кең көлемдегі мағынасына келсек, бұл біздің басты мемлекеттік басымдығымыз болды. Тәуелсіздік жылдарында қол жеткізілген осындай барлық жетістіктеріміздің нәтижесінде Қазақстан ЕҚЫҰ-на төраға болғалы отыр. Бұл – біздің тағы бір ортақ еңбегіміздің жоғары бағалануы...»

(Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің жарияланғанына 18 жыл толуына орай өткен салтанатты жиында сөйлеген сөзінен).

 

СТАТИСТИКА:

  2009  жылы Елбасының тікелей қатысуымен 500-ден аса   хаттамалық іс-шаралар өткен. Президент республика өңірлеріне 24  рет, шет елдерге  14, көпжақты  саммитке 11, халықаралық форумдарға 5 рет ресми сапармен барған.  Бір жыл ішінде барлығы  120  Заң қабылданып,  192  Жарлыққа қол қойылды.