Тәуелсіздік -30: 1991 жылы Елбасыға бата берген ақсақал кім еді?

Тәуелсіздік -30: 1991 жылы Елбасыға бата берген ақсақал кім еді?
Сурет: интернеттен

Елбасы Н.Ә.Назарбаев Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде:
«Осыдан отыз жыл бұрын Тұңғыш Президент ретінде қызметіме кірісер алдындағы салтанатта маған халқымыздың абыз ақсақалы Шәкір Әбенов дана бабалар дәстүрімен ақ батасын берген болатын», -деп атап өтті.

Жоғарыдағы сурет барша қазақстандыққа таныс. Алайда алғашқы Президентке ақ батасын берген ақсақалдың кім екенін көпшілік біле бермейді. Almaty-akshamy.kz тілшісі мереке күні сайтымыздың оқырманына Шәкір Әбенұлы жайында мағлұмат бермек.

Ғасыр тұлғасы

Шәкір (Мұхамедшүкір) Әбенұлы 1901 жылдың 1 наурызында Семей облысының Шыңғыстау өңіріндегі қазіргі Құндызды ауылына жақын Әбеннің Ақтасы аталатын жерде дүниеге келіпті.

Алғашында әкесі Әбен Бітімбайұлынан арабша хат танып, домбыра тартуды үйренсе, 1906-1907 жылдары ауыл молдасы Ишаннан білім алады. Шәкірдің әкесі Әбен Бітімбайұлы ауқатты әрі беделді, мұсылманша сауатты адам болған. Қажылыққа барған. Ол 1908-1913 жылдары ол баласы Шәкірді Семейдегі белгілі «Приходская школаға» беріп оқытқан. Сол жылдары Шәкір Әбенұлы Уфадағы «Ғалия» медресесінде болып, Қазанға соғып, Ғабдолла Тоқаймен кездесіп, аз уақыт дәріс алған, кейін Семей қаласындағы мешітте «Азаншы бала» атанып, қызмет етеді.

1918-19 жылдары Абай еліндегі Медеу мектебінде мұғалім болып, 1919 жылдың аяғында Құндызды ауылында басшы болып, ел басқарып, «Жүрекадыр округі» деген атты Шәкір өзі қойған. 1921-1926 жылдары Мақаншы еліне барып, ел ісіне араласқан. 

1924-1925 жылдары қызмет бабымен Хан Алтайдың төрінде Мұзтаудың етегіндегі «Тәңіркөлде» болып, Қатон-Қарағай елінде болады. ХХ ғасырдың уытты дәмін татса да, мойымаған ғасыр тұлғасы Шәкір Әбенұлы таңы жарқырап атқан Тәуелсіздікті көріп, Ел басшысына бата берген елдің ақсақалы болды. Биыл Шәкір Әбенұлының туғанына 120 жыл толды.

Өнер қайраткері

Жүзден астам лирикалық шығармаларымен қатар, Шәкір Әбенұлының «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», «Таңшебер-Жапал», «Тоқтамыс», «Кейпін батыр» атты дастандары, «Ана махаббаты», «Бастау», «Ортақ арал» поэмалары, «Патша мен байғыз», «Қорқыт қобызы», «Әділет», «Алданған қыз», «Арманда еткен ару» аңыздық сарындағы эпикалық шығармалары, «Жолаушының әңгімесі», «Маскүнем шебер», «Мусаннифтің зайыбы» атты әңгімелері бар.

Әншілік және сазгерлік өнері, музыкалық мұраны келер ұрпаққа жеткізудегі еңбегі арнайы зерттеуді қажет ететін арналы сала.

Шәкір Әбенұлы айтыс өнерінде де өзінің дара жолы бар, сондай-ақ, халық ауыз әдебиеті үлгілерін, сөз өнерінің ірі тұлғаларының мұрасын жинауда да орасан еңбек еткен өнер қайраткері.

Лебізді бата

1990 жылы Шәкір Әбенұлы «Достық» орденімен марапатталады.
Алғаш 1991 жылдың қараша айында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев қазақ әдебиетінің классигі, хакім Абайдың туған жері Шыңғыстау-Жидебайға келіп, халқымен кездескен еді. Сол тарихи сәтте ақын Шәкір Әбенұлы Мемлекет басшысын өлеңмен құттықтаған.
1991 жылы қараша айында Республика сарайының төрінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты президентікке ресми сайлау салтанатында тұтас Қазақстан халқының атынан ақ батасын берді:

«Халқың сүйген перзенті екенсің, енді сол халқың айтар батасын берейін. Қазақта бата деген екі түрлі болады: бірі – негізгі бата, екіншісі лебізді бата дейді. Негізгі бата – халықтікі. Халық қастерлеген басшысына адал қызметі үшін батасын өзі береді. 
Лебізді бата дегеніміз – халықтың тапсырған аманат-тілегі, келешекке үміт-сенімі. Ол негізінен үш міндетке саяды. Бірінші – дүниенің бар игілігін өндіретін жұмысшы, диқан, мал өсіруші қауымының табанақы, маңдай терін зая кетірмей, ысырапқа ұшыратпай ұқсатып, халықтың қажетіне, игілігіне жарату. Екінші – осыған кедергі жасап, кесел келтіретін суық қол сұғанақтарға, қиянатшыл-зорлықшыл, зұлымдарға тыйым салу. Үшінші – қошеметші, жағымпазға бой алдырмай, өз ісіңе де, өзгеге де сын көзбен қарап, қате кетсе, өзің түзей білу. Осы үш талап мүддесінен көрінген басшы ел сенімін ақтары хақ.
Енді менің лебізді батам, тұжырым-түйінім мынау: иллайи аумин! Халыққа береке, мынау қилы заманда бірлік беріп, ел тізгінін ұстап, еркіндікке жеткізген Нұрсұлтанның атақ-даңқы, абыройы зорайып, тарихтың бетіне басылатын болсын! Аллаһу акбар!».
Иә, Жаратушымыздың өзі қолдап, ақсақалдың батасындағы ақ ниет орындалып, бүгінде Қазақ Елінің де, Қазақтың Ерінің де даңқы жаһанға жайылды.

Елбасына ақ тілегін арнаған батагөй ақсақал 1994 жылы 23 қазанда 93 жасында Құндызды ауылында дүниеден озды.

(Деректер аdebiportal.kz, wikipedia.org материалынан алынды)