Жас маман жұмыспен қамтылады

Жас маман жұмыспен қамтылады
aikyn.kz

Отандық кәсіпорындар 400-ден астам колледжді өз қамқорлығына алды

«Ірі бизнестер колледждерді қамқорлыққа алып, жастар неге олардан тәжірибе алмасқа, зертханалар мен шеберханаларды неге жабдықтамасқа? Бұл бағытта жұмыс істеп жатқан жекелеген корпорациялардың бар екендігін білемін. Дегенмен, мұны жаппай жолға қою керек».

ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев техникалық және кәсіби білім беретін оқу орындарының еңбек нарығындағы нақты сұранысына бейімделуі және еліміздің жаңа экономикалық бағдарының міндеттеріне сай болуы керек екенін үнемі айтып отырады. Осы саланы одан әрі дамыту үшін нақты тапсырмалар берген еді. Ел Президенті жүктеген тапсырмалардың біріірі бизнестің колледждерді қамқорлығына алып, қолдау көрсетуі тұрғысында болғандықтан, қазір бұл бастама бірден жүзеге асып жатыр. Мәселен, тапсырмаға сәйкес, бүгінде еліміздің 498 кәсіпорны 410 колледжді өз қамқорлығына алды. Сонымен қатар, аталмыш кәсіпорын өкілдері қамқоршылық кеңестің құрамына кіріп, колледждердегі өзекті мәселелердің тікелей шешілуіне мұрындық болып отыр.

Дәл қазіргі кезде Президент тапсырма­сына сай еліміздегі барлық колледждер студенттерді тәжірибеден, педагогтарды тағылымдамадан өткізуге кірісіп те кетті. Бүгінге дейін 300 мыңнан астам студент пен 5 мыңнан астам педагог кәсіпорындар базасында тәжірибе жинап, тағылымдама­дан өтті. Жалпы, осы жобаны қолға алмас бұрын ең алдымен колледждерді өз қам­қорлығына алатын ірі кәсіпорындардың тізбесі жасалған еді. Сосын Мемлекет басшысы еліміздің ірі бизнес өкілдерімен кездескен кезде осы бастаманы көтеріп, кәсіпорындарды арнаулы оқу орындарын қамқорлыққа алуға шақырды. Өз сөзінде Мемлекет басшысы техникалық маман­дықтар бойынша білікті мамандардың жоқтығына шағымданатын бизнес өкіл­деріне қарата: «Ірі бизнестер колледж­дерді қамқорлыққа алып, жастар неге олардан тәжірибе алмасқа, зертханалар мен шеберханаларды неге жабдықтамас­қа? Бұл бағытта жұмыс істеп жатқан же­келеген корпорациялардың бар екендігін білемін. Дегенмен, мұны жаппай жолға қою керек», – деген еді.

Әрине, көп ұзамай бұл бастама кәсіпорын өкілдері тарапынан қызу қолдау тауып, еліміздегі колледждер кәсіпорын­дардан қосымша 10 мың маман даярлауға тапсырыс алды. Қазіргі таңда бұл жұмыс­тарды Оқу ағарту министрлігі тікелей на­зарында ұстап отыр. Министрлік жергілікті әкімшіліктермен бірлесіп, кәсіпорындар­дың тапсырысы бойынша кадрларды мақ­сатты даярлауды жалғастырып жатыр. Бұл тұрғыда кәсіпорындар колледжбен мақсат­ты маман даярлау туралы шарт жасасып, олардың тағылымдамадан өтуін ұйымдас­тыру және түлектерді одан әрі жұмысқа орналастыру бойынша міндеттемені өз мойнына алды. Сонымен қатар, қазіргі кезде білім беру бағдарламасы жұмыс бе­рушінің талабына сай жаңартылып, дуаль­ды оқыту мәселесі де жүйелі түрде қолға алынуда.

Өз кезегінде бұл колледж түлектерінің жұмыспен қамтылуына өз ықпалын тигі­зетінін уақыт дәлелдеп берді. Дуальды оқы­тудың нәтижесінде түлектер кәсіпорындарда 100% жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болып отыр. Осы жылғы оқу жылында кәсі­порындардың тапсырысы бойынша 10 мың студент қабылданса, келесі оқу жылында қосымша 10 мың түлекті қабылдау жоспар­ланып отыр. Биылғы жылдың тағы бір жаңа­лығы – колледж түлектеріне дипломмен қа­тар, маман ретіндегі біліктілігі деңгейін анықтайтын карта берілетін болды.

Сонымен қатар, биылғы жылы тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамти түсу мақсатында мемлекеттік тапсырыс­тың көлемі 50 мыңға ұлғайып отыр. Мұ­ның өзі мемлекет тарапынан жастардың қандай да бір мамандық иесі болуына жа­салып отырған жағдай. Осылайша Мемле­кет басшысының тапсырмасына сәйкес сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік біліммен 100% қамту жұмысы жалғасып, мемлекеттік тапсырыс 50 мың орынға артып отыр. Егер колледж түлектері университетке түсіп, білімін жалғастырғысы келсе, онда тек екі пәннен ғана ҰБТ тапсырады. Өз маманды­ғы бойынша білім алуды жалғастырғысы келетін колледж студенттері 60 сұрақтан тұратын қысқартылған ҰБТ тапсырады.

Жалпы, «Білім туралы» заңға өзгерту­лер мен толықтырулар енгізіліп, колледж­дерге қабылдау квотасы қайта қаралған еді. Мәселен, көпбалалы отбасы балаларына 5%, толық емес отбасы балаларына 1%, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасы балаларына 1% грант бөлінеді. Тегін техни­калық және кәсіптік біліммен ең алдымен, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың ба­лалары қамтылады. Мұның өзі едәуір кө­мек. Биылдан бастап мемлекеттік тапсы­рысқа сай техникалық мамандықтар бойынша кадрлар даярлаудың да саны арта түсті. Металлургия, IT, құрылыс, инжене­рия, қызмет көрсету салаларына басымдық беріліп, техникалық мамандықтар бойынша қабылданған студенттердің үлесі 50 па­йызға артты. Мемлекет басшысының тап­сырмасы бойынша колледждерге академия­лық дербестік берілді. Еңбек нарығының жылдам дамуын ескерсек, аталған шара білім беру бағдарламаларының мазмұнын уақытылы жаңартуға мүмкіндік беріп отыр. Осылайша, еліміздің колледждері жұмыс берушілермен бірлесіп білім беру бағдарла­маларының мазмұны мен оқу мерзімін дербес айқындауға мүмкіндік алды. Ең бастысы, жас маманның жұмысқа орнала­суына кепілдік берілгені болып отыр.