Жаңа тілді үйрену жасқа қарамайды

Жаңа тілді үйрену жасқа қарамайды
Сурет: Inform.kz

Оған дәлел - 82 жастағы қария ағылшын тілін үйреніп жүр

Кентау қаласының тұрғыны Құрманбек Дайрабай қартайдым деп қарап отырған жоқ. Күн сайын қолына кітап-дәптерін алып, ағылшын тілін үйреніп жүр. Аптасына үш рет тілдерді оқыту орталығына барып, сабаққа қатысады.

Осы кезге дейін ол 1500 сөз үйреніпті. Бірінші деңгейден өткен ол ары қарай да тіл үйренуді жалғастыру ойында бар, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

«Тіл үйрену - бүгінгі күннің басты талабы. Егер қызығушылық болса, білім алу жас талғамайды. Үйде немерелерім бір-бірімен ағылшынша сөйлеседі. Оны мен түсінбеймін. Сондықтан тілге деген қызығушылығым оянды. Әкімдікте тегін үйрететін мекеме де бар екен. Бардым. Алғашқы курсты бітірдім. Қазір үйде немерелеріммен ағылшынша сөйлесетін кездеріміз көп», - дейді қария.

Кентау қалалық тілдерді оқыту орталығының директоры Ақмарал Өтепбаева Құрманбек ақсақалдың үздік тіл үйренуші болғандығын айтады.

«Атамыз сабаққа офлайн қатысып, ағылшын тілін нөлден бастап үйренді. Қарапайым фразалар мен ережелерді, оқу және жазуды меңгерді. Қазір ағылшынша қойылған сұрақтарға өз бетінше жауап бере алады. Ол кісі тіл үйренушілердің ішіндегі ең белсендісі, тәртіптісі бола білді. Аптасына үш рет болатын сабақтан бірде-бір рет қалған емес», - дейді ол.

Ақсақал «А-1 – beginner» деңгейін толық меңгеріп, сертификат алған. Ағылшын тіліндегі сөздерді құрап оқи алады. Енді келесі кезең бойынша сабақтың басталуын күтіп жүр.