«Таңбалы» музейі мен әзербайжандық Гобустан музейі арасында меморандум жасалды

«Таңбалы» музейі мен әзербайжандық Гобустан музейі арасында меморандум жасалды
Cурет: Таңбалы музейі

Конференцияға Әзірбайжан, Түркия және Қазақстанның археолог ғалымдары қатысты

Қазақстан Республикасы  Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай   «Таңбалы» мемлекеттік тарихи – мәдени және  табиғи қорық музейінің сапар орталығында «Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасы: зерделеу, түсіндіру және сақтау мәселелері» атты халықаралық ғылыми – тәжірибелік  конференциясы өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

Конференцияға Әзірбайжан, Түркия және Қазақстанның белгілі археолог ғалымдары қатысып, жартас өнерін сақтау мен консервациялау тақырыбындағы құнды пікірлерін ортаға салды.  

Жиында  Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, жалпы ұлттық  тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының иегері, Герман археология институтының корреспондент мүшесі Зейнолла Самашев, тарих ғылымдарының докторы,  профессор, белгілі  археолог Ж.Таймағанбетов, Қазақстан Республикасының  Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, суретші-қалпына келтіруші, «Остров-Крым»  ғылыми –зерттеу    зертханасының басшысы Қырымбек Алтынбеков,  Анкара  қаласындағы Қажы Байрам Вели университеті,  археология  бөлімінің  Рhd доценті  Атакан Акчай, аталған университеттің түркі фольклоры бөлімінің  Рhd  доценті  Еврим Олчер, Гобустан мемлекеттік тарихи - көркем қорық мұражайының директоры  Вугар  Исаев, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің  тарих, археология және этнология факультетінің деканы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент   М.Ноғайбаева және    Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің  тарих, археология және этнология факультетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы  М.Елеуов сынды танымал ғалымдар  баяндама жасады. 

Конференция барысында  Гобустан мемлекеттік тарихи - көркем қорық мұражайы мен «Таңбалы» мемлекеттік  тарихи- мәдени және табиғи қорық- музейі арасындағы ынтымақтастық қарым- қатынас пен тәжірибе алмасу мақсатында  екі жақты меморандумға қол қойылды. 

«Таңбалы» мемлекеттік  тарихи- мәдени және табиғи қорық-музейінің директоры Мадияр Әмірғалиев келген қонақтарды Таңбалы шатқалына бастап барып,  жартасындағы суреттерді көрсетті.  Шетелден келген қонақтар «Таңбалының» тылсым суреттерін тамашалап,  мұнда атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары баға берді.