Жаңа білім ордасы  ашылды

Жаңа білім ордасы  ашылды
Суреттерді түсірген - Самат

Алатау ауданы «Дархан» ықшамауданында жаңа мектеп ашылды.

Жаңа мектептің ашылу салтанатына Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова, Алматы қаласы білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева, Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков, т.б.  қатысты. Мектеп-лицей - биылғы оқу жылында Алатау ауданында ашылған бесінші мектеп.

Гүлнәр МӘМБЕТҚЫЗЫ, №210 мектеп-лицейдің директоры:

- Мектеп құрылысы 2021 жылы басталып, міне, биыл аяқталды. Жаңа мектеп 1500 балаға арналған. Таза қазақ тілінде білім береміз. Бүгінде мектепте 1117 оқушы бар. Балалар №152, №156 мектептен ауысып келді. Мұғалімдерді арнайы байқау жариялап қабылдадық. Мектеп-лицей болғандықтан, мұғалімдерге қойылатын талап жоғары. 76 мұғалім бар. 35 мұғалімді байқау арқылы қабылдасақ, қалғаны №152, №156 мектептерден ауысып келді. Алматы әкімдігі балалардың мектепке емін-еркін қатынауы үшін арнайы 5 автобус берді. Мектепте 280 орынды асхана бар. Бүгінде бастауыш сыныптардың 309 баласы тегін тамақтанады.

«15 жылдан бері осы ауданның тұрғынымын. Жаңа мектеп ашылғанына өте қуаныштымын. Мектеп өте ыңғайлы жерде орналасқан. Іші-сырты бәрі заманауи, балаларға өте ыңғайлы. Жайлы, жарық. Көрдік. Қуандық. Көңілімізден шықты», – дейді  «Дархан» ықшамауданының тұрғыны Гүлшатай Әбуғалиқызы.