Жаңа ағаштар мен автоматты суару жүйесі

Жаңа ағаштар мен автоматты суару жүйесі

Сарапшы Алматыдағы жасыл қорды дамыту жөнінде ойымен бөліседі

2023 жылы Алматыда 320 мың жасыл желек отырғызылады, оның 22 мыңы көктемде егіледі. Енді күзгі кезең жалғасып, жыл соңына дейін барлығы 298 мың ағаш егіледі, қазір 63 мыңға жуық ағаш отырғызылды, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz

Алматы қаласының Алмалы ауданы бойынша жасыл комиссия басшысы Омар Нұрхайдаровтың айтуынша, ағаштар жайқалып өсуі үшін тиісті күтім мен су қажет, әйтпесе іс-шаралар оң нәтиже бермейді. Сондықтан бүгінде егілетін орынға автоматты суару жүйесі орнатылған. Бұған қоса, 2023 жылы қабылданған жасыл желектерді күтіп-ұстау және қорғау қағидасына сәйкес, жеткізушілер 3 жылға дейінгі ағаштарды күтіп-баптауға міндетті. 

«Көгалдандырушылар жасыл қорды дамыту үшін барын салып жатыр. Маусымнан қазанға дейін қураған және апатты жағдайдағы ағаштарды кесу жұмыстары жақсы ұйымдастырылды. Биыл біз өте көп мөлшерде қураған ағаштарды кестік. Қазір қаланың барлық ауданында ағаштарды күзгі отырғызу жүріп жатыр», - деді Омар Нұрхайдаров. 

Ол күзгі отырғызуға шаған ағашына артықшылық берілетінін айтты, өйткені ол салыстырмалы түрде күй талғамайды, сирек ауырады. 

«Байқасаңыз, емен, каштан мен қарағаш зиянкестерден зардап шегеді. Шаған ағашында әзірге, мұндай зиянкес жоқ, бұл ағаштар тамырланып, жақсы өседі. Мамығы көп болғандықтан, көптеген тұрғын терек егуге қарсы, бірақ биыл біз мамық бермейтін аталық терек отырғызамыз. Олар қала климатына тез бейімделіп, жайқалып өсіп, ауаны тазартуда сүзгінің қызметін атқарады», - деп сөзін түйіндеді сарапшы.