Қарулы Күштердің әскери бөлімдері кіші мамандармен толықты

Қарулы Күштердің әскери бөлімдері кіші мамандармен толықты
Сурет: Gov.kz

Орталықты бітірген түлектер  ұдайы жоғары нәтижелер көрсетіп келеді.

Қарасай батыр атындағы Құрлық әскерлерінің оқу-жаттығу орталығын әскери мамандықтар бойынша білім алған 1000-нан астам мерзімді қызметтегі әскери қызметші бітіріп шықты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Мемлекет басшысының армияның жауынгерлік қабілетін түбегейлі арттыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру шеңберінде әскерлер қазіргі заманғы бағдарлама бойынша оқытылған әскери қызметшілермен толықтырылады», - делінген Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Қарулы Күштер қатарына келген сарбаздар жарты жыл ішінде мотоатқыштар, танк, десанттық-шабуылдау әскерлеріне, артиллерияға, теңіз жаяу әскерлері мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс бөлімшелеріне арналған ұрыс машиналарының механик-жүргізушілері және көздеуші-операторлары мамандықтарын меңгереді.

«Құрлық әскерлері оқу-жаттығу орталығының оқу-материалдық базасы кіші мамандарды жоғары деңгейде оқытуды ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Мұнда үдеткіш-жаттықтыру құралдары, оқу-жаттығу полигондары, арнайы оқулықтармен жабдықталған ауқымды кітапхана бар. Тәжірибелі оқытушылардың еңбегінің арқасында орталықты бітірген түлектеріміз жауынгерлік даярлықта ұдайы жоғары нәтижелер көрсетіп келеді», – деп атап өтті оқу-жаттығу орталығының командирі, полковник Алмас Доспаев.

Оқуды бітірген жауынгерлерді қызметін жалғастыру үшін Құрлық әскерлерінің әскери бөлімдеріне жіберіледі.