Заңсыз бизнесті қамқорлығына алған полиция қызметкері сотталды

Заңсыз бизнесті қамқорлығына алған полиция қызметкері сотталды
Сурет: Ашық дереккөз

500 мың теңгеден асатын параны бірнеше рет алған

Петропавлда заңсыз бизнесті қамқорлығына алып, сол үшін бірнеше рет пара алған полицей 7 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Солтүстік Қазақстан облысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің сәліметінше, 10 мамырда Петропавл қалалық сотының үкімімен ҚР ҚК 366-бабы, 4-тармағының 3-бөлігі бойынша облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады.

Сотталған экс-полицей акцизделетін өнімді сапаны растайтын тиісті құжаттарсыз сатуда қамқоршылық көрсеткені үшін жалпы сомасы 500 мың теңгеден асатын пара бірнеше рет алғаны үшін кінәлі деп танылды.

Осылайша, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаменті 1 мың блок темекі өнімінің және 5 мың литр сапасы күмәнді алкоголь өнімінің заңсыз сатылымын тоқтатты.

Сотталған «полиция майоры» арнаулы атағынан, сонымен қатар мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, қаржы ұйымдарында және квазимемлекеттік секторда қызмет атқару құқығынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.