Заңды білу-өзіңе қорған болу...

Заңды білу-өзіңе қорған болу...

Дүниеге келген сəттен бастап өміріңнің соңғы күніне дейін күресіп өтесің. Əрбір басқан қадамыңа сенімді болу үшін бүгінгі күні білімің жетік болуы тиіс. Осындай қарбалас заманда өз құқығымызды қорғай алмай жататындығымыз өтірік емес.

Бүгінгі күні үлкендер: «Шамаң келсе, заңды оқып. Сонда ғана өзгеге жем болмайсың» - деп жатады. Өз құқығын білмегендіктен жоқ жерде опық жеп жатқандар аз емес. Бұл құқықтық сауатсыздықтан деп білемін.

Жұмыссыздық жайы бүгінгі күнгі мәселелерінің бірі. Арман қала Алматыға оқу, жұмыс іздеп келіп, құр алақан қайтып жатқан адам санынан гөрі алданып жатқандар көбірек. Студенттер арасында тəжірибені бір ай өтіп, жұмысқа алынбай, көк тиынсыз қалып жататындары да бар. Мұндай жағдайларларда əрбір азамат өз құқығын, еңбек заңын білмей жатса, жағдай тек қиындай түседі.

Газет-журнал беттерінен заң мен қылмысқа байланысты мақаланы оқып, байыбына барып жатқандар санаулы шығар. Азаматтық құқығымызды қанша таптап жатса да табандылық көрсететіндер аз. Кей кездері қазаққа тəн «ұят» жібермей қалатын кездер болады.  

Жақында ҚазҰУ-дың заң факультеті азаматтық құқық жəне азаматтық іс жүргізу, еңбек кафедрасының аға оқытушысы Карашева Жанар апайымыздың «Ақылы қызмет көрсету шартының  қалыптасу негіздері» атты мақаласын оқыдым. Автор өзінің жұмысында ақылы қызмет көрсету шартын анықтау және даму заңдылықтарын қарастырады.

Азаматтық қоғам институттарының жан-жақты дамуы, мемлекет пен қоғам қатынастарының үйлесімділігі бағдарының нəтижесінде мемлекеттік жəне қоғамдық институттардың неғұрлым белсенді өзара іс-қимылына конституциялық тыйымдар мен шектеулер алып тасталғандығы жəне соның нəтижесінде бүгінде біздің елдің ішкі жағдайы мен қажеттіліктеріне толықтай сай келетін жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі жаңартылғандығын айтып кеткен бұл еңбектің байыбына бара білсең, құқық саласынан сауатың біраз ашылады. Отбасы құқығы, бүгінгі күні белең алып келе жатқан жас отбасылардың арасындағы ажырасу мəселесі, ортақ мүлікті бөлу мәселелері, балалардың құқықтары жөнінде жазылған мақаладан өзіме қажет біраз ой түйдім. Қашан да еңсеңді тік ұстау үшін жан-жақты болған дұрыс екен. Еңбек  тәртібіне байланысты туындаған дауларды шешу жолында өз құқығын қорғай білуге қатысты Худайбердина Гүлнұр ұстазымыз көптеген мәселелерді ашып жазған. Мақаланы оқу барысында өз - өзіңе сенімділік пайда болатынына көзім жетті. Себебі өз құқығын білген адам жайдан-жай өзгенің дегеніне көне қоймайды.