«Ұлттық мүдде» атты жаңа диалог алаңы ашылды

«Ұлттық мүдде» атты жаңа диалог алаңы ашылды
Сурет: Inbusiness.kz

Жобаның ерекшелігі – депутаттар мен зиялы қауым өкілдерін тарта отырып маңызды мәселерді талқылау және осы бағыттағы нақты іс-шараларды анықтау.

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың мәліметінше, ҚР Парламенті Сенаты жанынан «Ұлттық мүдде» атты жаңа диалог алаңы құрылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

 «Отырысымызға мемлекет және қоғам қайраткерлері, депутаттарымыз, әдебиетіміздің, мәдениетіміздің, ғылымның белгілі өкілдері қатысып отыр. Баршаңызға уақыт тауып, бүгінгі отырысқа қатысып отырғандарыңыз үшін ризашылығымызды білдіреміз. Қазіргі таңда елімізде үлкен тарихи кезең басталуда. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен Жаңа Қазақстанды құруды қолға алдық. Бұл күрделі өзгерістердің жеделдеуіне қасіретті қаңтар оқиғасының да әсері зор болды. Ендігі жерде өткен қайғылы оқиғаларды сараптап, олардан дұрыс қорытынды шығару аса маңызды. Бұл біздің баянды болашағымыз үшін шешуші мәнге ие», - деді іс-шараны ашқан Сенат Төрағасы.

Оның айтуынша, Жаңа Қазақстанды құру жолында депутаттарға зиялы қауыммен, ақын-жазушылармен, ғалымдармен ақылдасып, пікірлесіп отырудың маңызы зор.

«Сол мақсатпен Сенат жанынан жаңа диалог алаңын құрып жатырмыз. Оның атын «Ұлттық мүдде» деп атауды ұсынып отырмыз. Қазір әртүрлі пікірталас аландары жетерлік екені белгілі. Біздің жобаның ерекшелігі – депутаттар мен зиялы қауым өкілдерін тарта отырып, ұлттық мүддемізге, ұлттық құндылықтарға, ұлттың болашағына қатысты маңызды мәселерді талқылау және осы бағыттағы нақты іс-шараларды анықтау. Әрі қарай олардың жүзеге асырылуына ұйытқы болу. Осындай мақсатпен осы диалог алаңын ұйымдастырып отырмыз. Оның жұмысына өздеріңіз, басқа да азаматтар белсенді қатысады деп сенеміз», - деді Мәулен Әшімбаев.