Алматыда мүмкіндігі шектеулі жандарды таситын арнайы көліктер жетіспейді

Алматыда мүмкіндігі шектеулі жандарды таситын арнайы көліктер жетіспейді
сурет: Vecher.kz

Машинаның санын 100-ге дейін көбейту жоспарланды

Қалада 20 мыңнан аса кембағал жан болса, соның тек 5 мыңға жуығы ғана арнайы автокөліктерді қолдана алады. Алматыда мүмкіндігі шектеулі жандарды таситын арнайы көліктер жетіспейді. Инватаксидің көмегіне жүгіну үшін ерекше қажеттілігі бар адамдар бірнеше күн бұрын тапсырыс беріп, кезекке тұруға мәжбүр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv-ге сілтеме жасап.
Қалада 20 мыңнан аса кембағал жан болса, соның тек 5 мыңға жуығы ғана арнайы автокөліктерді қолдана алады. Мүмкіндігі шектеулі жандардың түйткілдерін ылғи көтеріп жүретін Ұлан Іңкәрбеков инватаксидің қызметіне өте сирек жүгінем дейді. Өйткені арнайы көліктерге қол жеткізу қиын. Сөзінше машиналар ең алдымен жұмыс істейтін, оқуға баратын жандарға қызмет көрсетеді.

«Жұмыс істейтін адамдарды күнде тегін апарып, алып кетеді. Машинаның жетіспеушілігінен жұмыс істемейтін, оқымайтындардар қолдана алмайды. Егер қонаққа немесе басқа жаққа бару керек болса, көліктің босағаның күтуге мәжбүр», – деді Бостандық аудандық мүгедектер қоғамының төрағасы Ұлан Іңкәрбеков.

«Таңғы 7:00-ден кешкі 19:00-ге дейін жүреміз. Түскі ас ішпейміз. Өйткені балалар үлгеру керек. Біреуі емге барады, біреуі емнен қайтады. Жылдам жүру үшін біз радар қолданамыз. Себебеі тез жетпесек анасы мен баласы қиналып қалады», – деді «Инватакси» арнайы автокөлігінің жүргізушісі Жұмаділ Байназаров.

Бұл мәселені салаға жауапты мамандар жақсы біледі. Түйткілді шешу үшін биыл Алматы әкімдігі инватаксилерді екі есеге көбейтпек. Бүгінде мүмкіндігі шектеулі жандарды тегін тасымалдайтын 46 арнайы көлік болса, енді оның саны 100-ге дейін артады.

«Инватакси бойынша бізде қалада жеткілікті қаражат бөлінген. 46 автокөлік бар болса, қала әкімінің қолдауымен және  мәслихатқа да шығардық. Бізде 100 машинаға дейін жеткізу, жақын арада конкурс ұйымдастырылады. Машинаның санын 100-ге дейін көбейтуді жоспарлап отырмыз», – деді Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлкебайұлы.

Осы мақсатта қала қазынасынан биыл 244 млн теңге бөлініпті. Ұлан Іңкәрбеков бұл кембағал жандарға тамшыдай болса да көмек болатынын айтады.

«Екі есе көбейсе, бұл бүкіл мәселені шешпесе де, жақсы болар еді. Әрбір 10 машинаға арнайы таксопарктер бар. Ол да өз қаражатына шақырып барып келгенге көмек болады», – деді Бостандық аудандық мүгедектер қоғамының төрағасы Ұлан Іңкәрбеков.

Қазір қалада 20 мыңнан аса азамат жүріп-тұру қабілетінен айырылған. Бүгінде соның тек 5 мыңға жуығы арнайы көліктерді қолдана алады. Жыл басынан бері инватакси қызметі 58 мыңнан аса сапар жасапты.