Әлеуметтік желілерде депрессия белгілерін анықтайтын жасанды интеллектіні пайдалану қажет – министрлік

Әлеуметтік желілерде депрессия белгілерін анықтайтын жасанды интеллектіні пайдалану қажет – министрлік
Сурет: Дереккөз

Балалар амандығының индексі қабылданды

Әлеуметтік желілердегі жарияланымдардан депрессия белгілерін анықтайтын жасанды интеллектіні пайдалану қажет. Оқу-ағарту министрлігінің өкілі Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның отырысында осындай ұсыныс білдірді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап. 
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі – кәмелетке толмағандар арасында суицидтің алдын алу. Ұлттық комиссияның төрайымы, Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаева балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицид – қоғамдағы ең өзекті әлеуметтік проблеманың бірі болып отырғанын атап өтті. Алдын алу шаралары кешенін қалыптастырудың жаңа тәсілдерін іздеу қажеттігіне тоқталды. Көптеген сарапшылардың пікірінше, суицидтің көбеюіне психологтардың, тәуекел тобындағы балалармен жұмыс жасайтын мамандардың біліктілігі мен дайындық деңгейінің жеткіліксіздігі ықпал етеді. Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігі мемлекеттік ведомстволардың, жергілікті атқарушы органдардың және барлық стейкхолдерлердің проблемаларды шешудегі күш-жігерін біріктіруді ұсынды. 

«Министрлік әлеуметтік желілердің ашық жарияланымдарында депрессияның белгілерін анықтайтын жасанды интеллектіні пайдаланатын пилоттық жобаны іске қосуды жоспарлап отыр», - деп атап өтті Оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев. 

Отырыста Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында алғаш рет Баланы қудалаудың (буллингтің) алдын алу қағидалары әзірленіп, интернет желісіндегі заңсыз контентке қарсы іс-қимыл жөніндегі нормалар енгізілгені аталып өтті. Балалар амандығының индексі қабылданды, ол балалардың құқықтары мен мүдделеріне, оның ішінде психологиялық саулығына жүйелі мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев өз баяндамасында кәмелетке толмағандардың суицидтері жөніндегі істерді тергеуді қадағалау күшейтілгенін атап өтті. Бұл бірінші жарты жылда өз-өзіне қол жұмсау жағдайларының (38,1%-ға) және олардың әрекеттерінің (5,7%-ға) төмендеуіне ықпал еткен. Айта кетсек, 2021 жылы кәмелетке толмағандар арасында суицид жасау мен оны жасауға әрекеттену жағдайларының 21,5%-ға өскені байқалған. Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Атығай Арыстанов білім беру ұйымдарында кәмелетке толмағандар арасында суицидтік көріністерді ерте анықтау әдістемесін жетілдіруді, сондай-ақ суицидологтардың санын арттыру мәселесін қарастыруды ұсынды. Ұлттық комиссияның мүшесі, адвокат, «AU» онлайн-құқықтық мектебінің негізін қалаушы Айман Омарова бастауыш сыныптарда «Менің қауіпсіздігім» пәнін, ал ата-аналар мен мұғалімдер үшін арнайы бағдарламалар енгізуді ұсынды. Сондай-ақ, спикерлер диагностикалық және психотерапиялық қызметтер көрсететін медициналық кабинеттер желісін кеңейтуді, жергілікті атқарушы органдарға білім беру ұйымдарының қызметін бағалаудың критерийлерін психологтардың тиімді қызметіне әсер ететіндей етіп қайта қарауды ұсынды.