Жастар саясатын қалыптастыруда Алматы тренд-мэйкер болуға тиіс - Ералы Тоғжанов

Жастар саясатын қалыптастыруда Алматы тренд-мэйкер болуға тиіс - Ералы Тоғжанов
Сурет: Дереккөз

Ел халқының 20%-ін 14-29 жас аралығындағы жастар құрайды

Қазіргі уақытта мемлекеттік жастар саясатында жаңа тәсілдерді қалыптастыру маңызды және Алматы осы үдерісте тренд-мэйкер болуға тиіс. Бүгін Алматыға жұмыс сапары аясында еріктілерімен және шығармашыл жастарымен кездескен Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов осындай ой айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
Вице-премьер өз сөзінде ел халқының 20%-ін 14-29 жас аралығындағы жастар құрайтынын атап өтті. Жас қазақстандықтардың жан-жақты дамуы – Үкімет үшін басым міндет екеніне тоқталды.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың қозғаушы күш екенін айтып, оның зор әлеуетін атап өтті. Біз бұл деңгейді жоғарылатуымыз керек. Қазіргі уақытта мемлекеттік жастар саясатында жаңа тәсілдерді қалыптастыру маңызды және Алматы осы үдерісте тренд-мэйкер болуға тиіс. Мен сіздерді өз уақыттарыңыз бен әлеуеттеріңізді әділетті, жаңа Қазақстанды құру жолына пайдалануға шақырамын. Туған елдің игілігі үшін қызмет етуге, адал еңбекке, прогрессивті білімге және озық тәжірибеге сүйенуге үндеймін. Біз бірге жаңа Қазақстан құрамыз!» - деді Ералы Тоғжанов.

Кездесуде нашақорлықтың алдын алуға және есірткінің таралуына қарсы күреске бағытталған «NarkoSTOP», шет тілдерін дамытуға бағытталған «Тілдер саяхаты» жобалары тыңлдалды. Вице-премьер ағылшын тілін оқытуға арнайы орындар ұсынуды тапсырды. Сондай-ақ, инклюзивті қоғамға да көңіл бөлінді.

«Инклюзивті қоғам ерекше қажеттіліктері бар және мүмкіндіктері шектеулі адамдар үшін тәуелсіз өмір салтын жүргізуге және әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту есебінен өмірдің барлық салаларына, экономикалық тәуелсіздікке белсенді қатысуға жағдай жасалатын қоғам ретінде қарастырылуы тиіс. Инклюзивті қоғамды қалыптастыру, әсіресе жастар арасында жаппай инклюзивті сананы қалыптастыруға байланысты көптеген мәселелерді шешудің іргетасы болып табылады. Бұл үшін жұртшылықты және жастарды туындаған проблемаларды шешуге емес, алғышарттар мен себептер жасауға белсендірек тарту қажет. Бұл – салауатты өмір салтынан бастап, білім алу, кәсіп пен дағдыларды игеру», - деді вице-премьер.