Ұлттық киноға конкурс қайта жарияланады

Ұлттық киноға конкурс қайта жарияланады
Сурет: Elorda.info

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы биылғы қаржыландыруға үміткер киножобаларды іріктеу үшін конкурсты қайта жариялайды

Ұлттық киноны қолдау орталығы баспасөз қызметінің мәліметінше, мұндай шешім аудиторлық тексеру қорытындысы бойынша бекітілген. Бұған дейін жарияланған конкурстық өтінімдерді қабылдау нәтижелері жарамсыз деп танылды, деп хабарлайды Almaty-alkshamy.kz 

Жаңа конкурсқа үміткерлердің құжаттары 9-29 тамыз аралығында қабылданады. Киножобаларды қорғау, яғни Сараптамалық кеңес отырысы қыркүйек айының соңында өтеді. 

Конкурстық іріктеудің қорытындысы биыл қазан айында жарияланады.

«Біз мемлекеттік қаржы есебінен түсіріліп, кейін «ұлттық фильм» деп танылатын жобалар туралы айтып отырмыз. Сондықтан тексеру жүргізген аудиторлардың ұсыныстары мен шешімін ескеру және орындау керек. Ең алдымен, барлық рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз етіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша болдырмау қажет. Кино қауымдастығы нарықты дамыту мен сапаны арттыру үшін бірігіп жұмыс істеуі керек. Ешқандай интрига қажет емес. Біз өз тарапымыздан үміткерлерге барынша көмектесуге әрі киножобаларға ақпараттық қолдау көрсетуге дайынбыз. Орталық та, киногерлер де әр теңге үшін есеп беретінін есте ұстағаны жөн», – деді Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали.