Ұлттық Ғылым академиясының мемлекеттік мәртебесі қайтарылды

Ұлттық Ғылым академиясының мемлекеттік мәртебесі қайтарылды
Сурет: Gylymordasy.kz

 Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының мәртебесін арттыру мақсатында Мемлекет басшысы 27 наурызда оны Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы «Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы деп қайта атау туралы Жарлыққа қол қойды.

Президент жанындағы Ғылым академиясы қызметінің негізгі бағыттарының қатарында әлеуметтік-экономикалық дамудың басымдықтарына сәйкес ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметтің басым бағыттарын, сондай-ақ стратегиялық дамудың, іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын айқындау бойынша ұсынымдар әзірлеу болады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Ұлттық Ғылым академиясының мемлекеттік мәртебесі қайтарылды. Академиктерге стипендиялар белгіленді, академияны республикалық бюджеттен қаржыландыру мәселелері шешілді, «Ғылым Ордасы» ғимаратын күрделі жөндеу басталды.

 Енді Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясы еліміздің жоғары ғылыми ұйымы болып табылады. Мемлекет басшысы академияға Жоғары мемлекеттік мәртебе берді - Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы ҚР ҰҒА! Сонымен қатар, әлемнің барлық жетекші елдеріндегі сияқты біздің Ғылым Академиясының барлық мүшелерінің мәртебесі де артып келеді.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев Ғылым Академиясына жоғары бедел беру туралы Жарлыққа қол қойды. Енді ҚР ҰҒА мен үлкен ғылымның барлық мәселелері ҚР Президенті Әкімшілігінде шешілетін болады.

 Ұлттық Ғылым академиясының Президентін Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.