Ұлықбек Есдәулет төрағалықтан бас тартты

Ұлықбек Есдәулет төрағалықтан бас тартты
Сурет: Almaty-akshamy.kz. 

Алматыдағы Абай атындағы академиялық Опера және балет театрында қаламгерлер қауымы бас қосқан Қазақстан Жазушылар одағының ХVІ құрылтайы өтіп жатыр.

Оған еліміздің әр өңірінен келген ақын-жазушылар, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Алматы қаласының әкімінің орынбасары А.Қырықбаев қатысуда, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

Қазақстан Жазушылар одағының жарғысына сәйкес, 5 жылда бір рет есеп беру-сайлау жиналысы болып тұрады. Соған орай, Қазақстан жазушылары мен қаламгерлері үлкен жиында бас қосты. Бүгін өткен жылдарда атқарылған жұмыстарға есеп беріліп, алдағы 5 жылға бағыт-бағдар белгіленеді.

«Бүгінгі жиынның алдында өте көп дау-дамайлар болды. Бірақ қазіргі Қазақстанның өтпелі жағдайында біздің елімізге тұрақтылық керек. Ол тұрақтылық зиялы қауымнан, Қазақстан Жазушылар одағы сияқты үлкен бірлестіктен басталады. Сондықтан бүгінгі жиында өздерінің шешімдерін еліміздің ертеңі үшін баянды болатындай қабылдайды деп сенемін», – деді жазушы-публицист Марат Тоқашбаев.

Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының Төрағасы Ұлықбек Есдәулет төрағалық еткен жылдардағы атқарған істеріне тоқталып өтті. Сондай-ақ, өмірден өткен ақын-жазушыларды еске алып, олардың рухтарына тағзым етілді. 

Сөз соңында Ұлықбек Есдәулет төрағалықтан бас тартатынын атап өтті.