Тәуелсіздіктің маңызы ерекше

Тәуелсіздіктің маңызы ерекше
Сурет: Ustazdar.kz

Егемендіктің қасиеті бөлек

Тәуелсіз ғұмыр кешу бақыт. Оны ұстап тұру және баянды ету парыз. Әлемде қашама халық бар. Соның ресми мойындалғаны 190 ел шамасында. Егемендікті – ата-бабалардан бізге аман болған асыл мұра деп санаймыз. Тым қастерлі. Мәні зор. Мың тәубе! Биыл қастерлі тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Осыған байланысты сауалнама жасаған болатынбыз.

Жігер АСҚАР, жас ақын

– Дүниеде аса қастерлі екі нәрсе бар болса, соның бірі тәуелсіздік. Цицерон «Бәрінен де тек қана өзіне бағынышты адам бақытты» деп айтыпты. Ойшылдың сөзінде ғажайып мән-мағына жатыр. Біз байтақ отанда жасап жатырмыз. Мен үшін туған өлкеміздің көлі, шөлі, даласы, тауы мен тасыта ыстық. Айрықша! Сөзбен суреттеу қиын. Тіл жетпейді. Осындай мамыражай, бейбіт мекенде ғұмыр кешіп жатқаныма іштей қуанамын. Шүкір! Ең бастысы бастағы бақты бағалау бәрімізге парыз. Уақыт алмасады, заман өзгеруі мүмкін. Бірақ өзгермейтін бір нәрсе бар. Ол – туған жер. Әркімнің туған жерді сүюі әр бөлек. Дегенмен, соны сезіне білу патриотизмнің бір белгісі. Қазақ халқы «Отан от басынан басталады» деп жәй айтпаған. Осыған уақыт өткен сайын куә болудамыз. Сөз соңында айтарым, егеменді мемлекетіміз мәңгі жасасын демекпін.