Түрксіб ауданында 2023 жылы қандай демалыс орындары абаттандырылды

Түрксіб ауданында 2023 жылы қандай демалыс орындары абаттандырылды
Almaty-akshamy.kz

Әуежай алаңындағы фонтан, Молдағалиев көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолы және оқушылар үйінің жанындағы саябақ: Түрксіб ауданында 2023 жылы қандай демалыс орындары абаттандырылды

ӨКҚ брифингінде Түрксіб ауданының әкімі Бақытжан Ақжаров ауданды абаттандыру және қолайлы орта құру жұмыстары туралы баяндады. Бірқатар нысандар «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылуда.

«Ауданды абаттандыру аясында биыл Молдағалиев пен Чехов көшелерінің бойында жаяу жүргіншілер және серуендеу аймағы аяқталып, №6 оқушылар үйінің жанындағы саябақ қайта жаңартылды. Бұл жобалар Сауранбаев көшесінің бойында бұрын жасалған серуендеу аймағының жалғасы болды», - деді аудан әкімі Б.Ақжаров.

Сонымен қатар, Әуежай алаңына фонтан және суару жүйесі орнатылып, жаяу жүргіншілерге арналған жолдар жаңартылды. 

Сондай-ақ, экология және қоршаған ортаны қорғау департаментімен абаттандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде:

скандинавиялық жүруге арналған эко-жолдары бар Баум тоғайын абаттандыру, шағын архитектуралық пішіндерді орнату;

Үлкен Алматы каналына рекреациялық және жағажай аймақтарын жайластыра отырып жаяу жүргіншілер көпірлерін жаңарту;

"Кіші Алматы" өзенінің бойындағы жаяу жүргіншілер-серуендеу аймағын абаттандыру.

Жобаларды іске асыру 2024 жылдың екінші тоқсанында басталады.

«Түрксіб ауданы 688 мыңнан астам ағашы бар қаланың ең жасыл аудандарының бірі болып саналады. Жыл сайын аумақты көгалдандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Тек 2020-2022 жылдар аралығында 12 мың жас ағаш отырғызылды, осы жылы 28 мың ағаш отырғызылды», - деп бөлісті аудан әкімі.

Ауданда 12 мыңға жуық апатты ағаш болса, оның ішінде биыл 2,5 мыңы кесіледі. Аудан әкімдігі алдағы 5 жылда барлық апатты ағаштардан толықтай құтылуды жоспарлап отыр.

Б. Ақжаров өз сөзінде ауданда «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы қарқынды жүзеге асырылып жатқанын да атап өтті.

«Биыл бағдарламаның тиімділігін ескере отырып, 78 жобаны жүзеге асыру үшін Түрксіб ауданы үшін бөлінген қаражат сомасы 1,7 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды», - деді ол сөз соңында.