Түркісіб ауданында 4 жаңа мектептің құрылысы басталады

Түркісіб ауданында 4 жаңа мектептің құрылысы басталады
almaty-akshamy.kz

Аудандағы қарқынды құрылыс пен халық санының өсуін ескере отырып, ауданды әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жалғасуда, деп мәлімдеді қала әкімі аудан тұрғындарымен кездесуде.

1 қыркүйектен бастап «Қайрат» шағын ауданында 1 500 орындық №211 жаңа мектеп-гимназиясы іске қосылды. №59 мектеп-гимназия ғимаратын реконструкциялау, сейсмикалық күшейту (860 орын) және 300 орындық қосымша құрылыс салу жұмыстары жүріп жатыр. Жұмыстардың аяқталуы – 2024 жылдың 1-ші тоқсаны. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 4-ші тоқсанда 6100 орындық 4 жаңа мектептің құрылысы басталады.

№ 195 мектепке 450 орындық қосымша құрылыс басталады. Бұдан басқа №198 мектепке 600 орындық қосымша құрылыс салу   №83 гимназия филиалын реконструкциялау   және №50 мектеп ғимаратын сейсмикалық күшейту жұмыстары жобалануда.

Оқушыларды кәсіптік біліммен қамтуды кеңейту үшін 2024 жылдың 1-ші тоқсанында қолданыстағы ғимараттарды бұзып, Алматы телекоммуникация және машина жасау колледжін салуға жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу аяқталады.

Аудан балаларын мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз ету үшін қазан айында ғимаратты сейсмикалық күшейту жұмыстары аяқталғаннан кейін №70 балабақша өз жұмысын бастайды. Сондай-ақ 2023 жылдың соңына дейін «Қайрат» шағын ауданында 260 орындық мемлекеттік балабақшаның құрылысы аяқталады.

«Әлмерек» шағын ауданында 320 орындық балабақша салу үшін жер учаскесін алып қою қорытындысы бойынша 4-ші тоқсанда жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге конкурс жарияланады.

Анықтама үшін: меншік иесінің келіспеуіне, бағалау мерзімінің аяқталуына байланысты, сондай-ақ сот процестерін болдырмау үшін келесі апта ішінде жер учаскесін қайта бағалау жүргізіледі. Меншік иесі келіскен жағдайда, жер учаскесін алып қою 30.10.2023 жылға дейін аяқталады.