Тұмауға байланысты қандай жағдайда оқушылар қашықтан оқиды?

Тұмауға байланысты қандай жағдайда оқушылар қашықтан оқиды?
Сурет: Aikyn.kz

Жұқтыру көрсеткіші 30 проценттен асып кетсе, балалар онлайн форматқа ауыстырылады.

Денсаулық сақтау министрлігінің санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті тұмауға байланысты мектеп оқушыларын онлайн форматқа ауыстыру тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Жұқпалы ауруларды эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы Роза Қожапованың айтуынша, бір сыныпта оқушылардың 30 проценті және одан көп бала респираторлық вирустық инфекциямен немесе тұмаумен ауырып қалса, барлығын онлайн форматқа ауыстыруға болады.

«Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің талаптарына сәйкес, бір инкубациялық кезеңде сыныпта балалардың 20-30 проценті жіті респираторлық вирустық инфекциямен ауырып қалса, кабинеттік білім беруден бас тартуға кеңес беріледі», - деді Қожапова.

Оның айтуынша, сыныпқа жаңа оқушыларды қабылдамаған дұрыс. Ал тұмауды жұқтыру көрсеткіші 30 проценттен асып кетсе, балалар онлайн оқыту форматына ауыстырылады.

Ресми мәліметке сәйкес, Қазақстанда 764 247 адам вирустық инфекция жұқтырған. Олардың арасында тұмау жұқтырғандар да аз емес.