Токиода ел қоржынына жүлделі орындар әкелмеген боксшылар үшін Бақтияр Артаев кешірім сұрады

Токиода ел қоржынына жүлделі орындар әкелмеген боксшылар үшін Бақтияр Артаев кешірім сұрады
Сурет: Egemen.kz

Спорт бапкерлерінің айлығы көтеріледі

Қазақстан бокс федерациясының бапкерлік мәселелер жөніндегі вице-президенті, мемлекеттік жаттықтырушы Бақтияр Артаев боксшылардың Токио Олимпиадасындағы сәтсіздіктері үшін кешірім сұрады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап. 

«Әрине, Токио Олимпиадасында өте сәтсіз болған көрсеткішіміз үшін кешірім сұраймыз. Алдағы уақытта сараптама, жүйелі жұмыс жасалып, келесі Олимпиада ойындарында өзіміздің бұрынғы көрсеткіштерімізге қайта оралып, жоғары нәтиже көрсетеміз деп сендіргім келеді. Қолдауларыңызға көп рахмет. Әрі қарай жүйелі жұмыс жасап, спорттық нәтижелерімізді көтереміз. Ешқандай сұрақ жоқ, рахмет айтқым келеді», - деді Бақтияр Артаев Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті Бас ассамблеясының отырысында.

Айта кетейік, аталмыш шарада Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Мәдениет және спорт министрлігіне спорт бапкерлерінің айлығын көтеру туралы тапсырма берді.

«Ұлттық Олимпиада комитеті Мәдениет және спорт министрлігімен, Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, жоғары оқу орындарында жаңа білім бағдарламаларын дайындауға атсалысуы керек. Сондай-ақ, министрлікке бапкерлерді қолдау, оның ішінде еңбекақысын көтеру бойынша ұсыныс дайындау керек. Төртіншіден, алдағы Бейжің қаласында өтетін қысқы Олимпиада ойындарында спортшыларымыздың табысты өнер көрсетуін қамтамасыз ету қажет. Бұл мәселені жуықта Үкіметте талқылағанбыз. Федерация басшыларымен бұл жөнінде жеке кездесу өткіземіз», - деді вице-премьер.