Тоқаев көрші елдерді Қазақстан-Түрікменстан-Иран теміржолы әлеуетін пайдалануға шақырды

Тоқаев көрші елдерді Қазақстан-Түрікменстан-Иран теміржолы әлеуетін пайдалануға шақырды
Сурет: Ашық дереккөз

Президент ресейлік әріптестердің осы бағытты белсендірек пайдалануға деген қызығушылығын құптайтынын айтты

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдері мен Ресейді бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға шақырды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Бүгін елордадағы «Орталық Азия-Ресей» саммитінде Мемлекет басшысы Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға тың серпін беріліп отырғанын айтты.

«Перспективалы Солтүстік-Оңтүстік дәлізін одан әрі қарай дамытуға ерекше назар аудару керек. Шығыс Азиядан Парсы шығанағы елдеріне ең қысқа жол ашатын Қазақстан-Түрікменстан-Иран теміржолының әлеуетін барынша тиімді пайдалануға болады», - деді.

Осы орайда Президент ресейлік әріптестердің осы бағытты белсендірек пайдалануға деген қызығушылығын құптайтынын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзіне қарағанда, өңір елдеріндегі көлік бағдарларынан өзара тиімділікті қамтамасыз ету тұрғысында инфрақұрылымды жаңғырту мен транзиттік дәліздердің өткізу қабілетін арттыру мәселелерін бірлесе шешу қажет екенін атап өтті.

«Атап айтқанда, серіктестерді бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға шақырамыз», - деді Қазақстан Президенті.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Астанадағы саммитте Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азияда көлік саласындағы инфрақұрылымды дамыту мәселесін көтерді.