Тоқаев "Қазақстан халқына" қорының төрағасы Болат Жәмішевті қабылдады

Тоқаев "Қазақстан халқына" қорының төрағасы Болат Жәмішевті қабылдады
Cурет: Ақорда

Қор 10 қайырымдылық бағдарлама мен жобаны жүзеге асырып жатыр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан халқына" қорының төрағасы Болат Жәмішевті қабылдады,  деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Ақорда сайтына сілтеме жасап.

Президентке Қордың азаматтарға көрсеткен көмегі бойынша есебі, сондай-ақ қайырымдылық қызметті ұйымдастыру жолдары жөнінде ақпарат берілді.
Болат Жәмішевтің айтуынша, қазіргі таңда Қор 10 қайырымдылық бағдарлама мен жобаны жүзеге асырып жатыр. Атап айтқанда, олардың сегізі медициналық көмек көрсетуге, біреуі ауыл балалары үшін спорт саласындағы әлеуметтік жағдайды жақсартуға бағытталса, тағы бірі ауылдық жерлерден шыққан талапкерлер мен аз қамтылған отбасылардың студент балаларына білім гранттарын беруді қарастырады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қордың мақсатты бағыттарын анықтауға қоғам мен қоғамдық институттарды белсенді түрде тарту қажет екеніне баса мән берді.
Болат Жәмішевтің айтуынша, Қор жаңадан толықтырылған Тұжырымдаманы және Қайырымдылық бағытындағы бағдарламалар мен жобалар әзірлеуді қолға алды. Бұл жұмысқа коммерциялық емес сектордың өкілдері, мәслихат депутаттары, Қор меценаттары болып табылатын бизнес өкілдері мен сарапшылар кеңінен тартылады.

Қор төрағасының айтуынша, барлық атқарылып жатқан жұмыстар туралы толық ақпарат қоғам назарына ұсынылады. Қыркүйек айында өтетін Ұлттық қайырымдылық конференциясы осы уақыт аралығында атқарылған жұмыстың қорытынды есебі болмақ.