«Теңгеге 30 жыл» мерекелік медалі әзірленеді

«Теңгеге 30 жыл» мерекелік медалі әзірленеді
Сурет: Abai.kz

Құжатты жария талқылау 21 сәуірге дейін жалғасады.

Ұлттық банк Мемлекет басшысының Жарлық жобасын жария талқылауға ұсынды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Ұлттық валютаның айналысқа енгізілгеніне 30 жыл толу құрметіне арналған мерекелік медаль әзірленеді.

«Теңгеге 30 жыл» мерекелік медалі тағайындалсын. Қоса беріліп отырған «Теңгеге 30 жыл» мерекелік медалімен наградтау қағидалары және мерекелік медальдің сипаттамасы бекітілсін», делінген құжатта.

Мерекелік медальмен ҚР азаматтары мен шетелдіктер марапатталатын болады.

Жарлықты қабылдау республикалық бюджеттен қосымша шығыстарды талап етпейді. Құжаттан туындайтын шығыстар ҚР Ұлттық Банкі бюджетінің қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

«Теңгеге 30 жыл» мерекелік медалінің сипаттамасы:

Мерекелік медаль ілгіштен және қатқыл лентасы бар тағаннан тұрады;

Мерекелік медаль диаметрі 32 мм дұрыс шеңбер нысанында мельхиордан – никельмен мыс қоспасынан жасалған;

Медальдің бет жағының (аверсінің) орталық бөлігінде мерекелік күнді білдіретін және оның тарихи маңыздылығын арттыра түсетін «30» санының ірі бейнесі орналасқан, санның жоғарғы жағында бас әріптермен «ТЕҢГЕГЕ» деген жазу, сол жақта «ЖЫЛ» деген жазу бейнеленген;

«30» санының бейнесі қарқынды дамып келе жатқан жаһандық цифрлық әлемде динамикалық қозғалысты, белгіленген вектор мен бағытты бейнелейтін шығыңқы бедерлі сызықтар түрінде мерекелік медальдің бүкіл бетінде бірнеше рет қайталанады;

Мерекелік медальдің сырт жағында (реверсінде) дайындаушы – Қазақстан теңге сарайының логотипі бейнеленген;

Ілгіш құлақша мен сақина арқылы тағанға жалғанады. Биіктігі 40 мм тікбұрыш нысанындағы таған екі жағынан ені 25 мм тесіктері бар екі көлденең төртбұрышты нысандармен қосылған;

Таған ені 20 мм жасыл түсті қатқыл лентамен – толқын тәрізді құбылмалы тығыз жібек матамен тысталған. Қатқыл лентаның сырт жағында мерекелік медаль киімге визорлы бекіткіші бар түйреуіш арқылы бекітілетін бекітпе бар.