«Алматы» телеарнасының қаза тапқан қызметкері «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды

«Алматы» телеарнасының қаза тапқан қызметкері «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды
Сурет: Almaty.tv

Мұратхан Базарбаев жаппай тәртіпсіздік кезінде оқ тиіп қаза болған.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Алматыдағы жаппай тәртіпсіздік кезінде «Алматы» телеарнасының қаза тапқан қызметкері Мұратхан Базарбаевты «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады, деп хабарлайды Almaty-akshmy.kz Almaty.tv cілтеме жасап.

Мемлекет басшысы қол қойған құжатты «Алматы» телеарнасының бас директоры Нұржан Жалауқызы марқұмның ұлы Елдар Мұратханұлына табыс етті.

Еске салсақ, 6 қаңтарда «Алматы» телеарнасының қызметкерлері түсірілім кезінде террористердің заңсыз әрекетіне тап болып, көлікке атылған оқ салдарынан Мұратхан Базарбаев оқиға орнында жантәсілім еткен болатын. 

- Мұратхан Әбдаұлы Базарбаев арнамызға 2019 жылы наурыз айында жұмысқа орналасқан болатын. 54 жастағы әріптесіміз 2 жыл бойы пандемия кезінде де адал қызмет етті. Ел басына ауыр күн туған уақытта да еш қиындықтан тайынбай, қызметтік борышын абыроймен өтеп, ерлікпен қаза тапты. Марқұмның артында жары, кәмелетке толған 3 баласы мен немерелері қалды, - деді Нұржан Жалауқызы.