Тегін профилактикалық медициналық тексеру қай жастағы оқушыларға жүргізіледі?

Тегін профилактикалық медициналық тексеру қай жастағы оқушыларға жүргізіледі?
Сурет: Gettyimages.ru

Қазақстанда оқушылар кеңейтілген тегін медициналық тексеруден 6, 10, 12, 14, 15, 16 және 17 жастарда өтеді.

Бұл туралы Алматы қалалық №11 емхана директорының балалық шақ жөніндегі орынбасары Алмаш Ардабаева айтты, деп хабарлайды Almaty-ashamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Мектептегі медициналық тексеру - жыл сайын өткізілетін іс-шара, оны өткізу уақытын медициналық ұйым белгілейді және оны мектеп аумағында Алғашқы медициналық жедел жәрдемнің аумақтық ұйымының мамандары жүргізеді.

Дәрігердің айтуынша, мектеп оқушыларының профилактикалық медициналық тексеруден өткені дұрыс. Себебі, оларда бұл кезеңде гормоналды және физикалық жағдайдың белсенді өзгерістері болады. Тексеру медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде тегін жүргізіледі.

Кеңейтілген медициналық тексеруден өту 6, 10, 12, 14, 15, 16 және 17 жастарда қарастырылған.

«Мектепте медициналық тексеру балалардың денсаулығын бақылау, қауіпті ауытқу мен аурулардың ерте көрінісін анықтау үшін жүргізіледі. Балаларда, әсіресе жасөспірімдерде бұл өте маңызды. Гормондар ойнай бастағанда, жетілмеген денеде күтпеген жерден ақаулар пайда болуы мүмкін. Ал оқудың өзі ауыр және үлкен стресс. Симптомдарды бақылау және балаға уақытында көмектесу - оны болашақта денсаулыққа байланысты күрделі мәселелерден арылтады», - дейді дәрігер.

Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, алғашқы алдын ала медициналық тексеру бірінші сыныпқа түскен кезде жүргізіледі, ол тұрғылықты жері бойынша емханада жүргізіледі. Ары қарай оқушылар әр оқу жылының басында тексеріледі. Профилактикалық медициналық тексеру мамандардың тексеруін және медициналық ақпараттық жүйеде (МАЖ) профилактикалық медициналық қарап-тексеруден өткені туралы деректі толтыруды көздейді.

Жасөспірімдерге өтпелі кезеңде (6, 10, 14, 15, 16 және 17 жаста) тереңдетілген (кеңейтілген) профилактикалық тексеру жүргізіледі. 7, 8, 9, 11, 13 жас аралығындағы балаларды педиатр немесе жалпы тәжірибе дәрігері мен тіс дәрігері тексереді.

«Мысалы, 13 жастан бастап психотроптық, есірткі заттарының медициналық емес қолданылуына немесе болмауына тексеру жүргізіледі, 10 жастан асқан қыздарды тексеру кезінде гинекологиялық анамнезге, шағымға, етеккір функциясының бұзылуына ерекше назар аударылады. 12 жастан асқан балаларды тексеру кезінде шаш өсу түріне (еркек немесе әйел түріне) назар аударады. Көрсетілім болған жағдайда қыздар балалар гинекологына жіберіледі. 9-дан 10 жасқа дейінгі балаларда абстрактілі-логикалық операциялардың, логикалық пайымдаудың және т. б. қалыптасуы қосымша бағаланады. Патологиялық өзгерістер анықталған кезде мектептің медицина қызметкері баланы тіркелген жері бойынша емханаға бейінді маманға қосымша тексеруге жібереді», - деп хабарлады Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Айта кетейік, барлық медициналық ақпараттар медициналық құпия болып табылады. Оған тек ата-ана мен жасөспірімнің өзі 15 жастан бастап қол жеткізе алады.