Тауда көшкін жүруі мүмкін

Тауда  көшкін жүруі мүмкін
Сурет: Almaty-akshamy.kz

55 учаскеде көшкін қаупі бар.

Алматы облысының төтенше жағдайлар департаменті тауда қар көшкіні жүруі мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Төтеншеліктер 4 желтоқсанда қала тұрғындарына, туристтер мен демалушыларға арнап үндеу жариялады.

"Алматы облысының тауларында 2023 жылғы 5 желтоқсан мен 8 желтоқсан аралығында көшкін қаупі сақталады. ТЖД азаматтардан, туристерден және демалушылардан қар көшкінін тудыруы мүмкін болғандықтан қарлы беткейлерге шықпауды, сондай-ақ таулы жерлерде барлық қауіпсіздік пен мінез-құлық шараларын сақтауды сұрайды", – делінген хабарламада.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, Алматы облысының аумағында Іле-Алатау тауларының оңтүстік беткейінде Еңбекшіқазақ, Талғар және Қарасай аудандарында 55 көшкін қаупі бар учаске бар.

"Негізінен қар көшкінінің түсуі температура фонының жоғарылауына және жаңбыр мен қар түрінде мол жауын-шашынның түсуіне байланысты болады", – дейді төтеншеліктер.