Талдықорғанда облыстық балалар ауруханасының есепшісі қамауға алынды

Талдықорғанда облыстық балалар ауруханасының есепшісі қамауға алынды
Сурет: Ашық дереккөзі

Алдын ала болжам бойынша 116 млн теңге қаражатты талан-таражға салған

Талдықорғанда облыстық көпсалалы балалар ауруханасының есепшісі қамауға алынды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.

"Облыстық көпсалалы балалар ауруханасының есепшісіне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Бұл жерде есепші құжаттарға жалған ақпараттар енгізіп, нәтижесінде мемлекеттік бюджет қаражатын өзінің қалтасына басқан. Ол алдын ала болжам бойынша 116 млн теңге қаражатты талан-таражға салған. Қазіргі таңда аталған қызметкер уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деді  Жетісу облыстық экономикалық тергеу департаментінің аса маңызды істер бойынша тергеушісі Ербол Құрманбаев.  

Ал аталған аурухананың мамандары зейнетақы және медициналық сақтандыру қорына аударылатын жарнаның түспегенін кездейсоқ біліп қалған.

"Міне, бес ай болды, не зейнетақы қорына, не медсақтандыру қорына ақша түспеген. Бәріміз ай сайын уақтылы айлығымызды алып отырдық. Бірақ бізге тиесілі жарнаны аудармаған. Өзім банкке несие рәсімдеуге барғанда ғана жарнаның түспегенін білдім. Есепшіге келіп, айтып түсіндірдім. Жарна түседі деді, бірақ үш айдан асты, бір тиын да түскен жоқ", - дейді облыстық көпсалалы балалар ауруханасының медбикесі Жанерке Қызайхан.