Талдықорған маңындағы барлық ауылдар 2025 жылға қарай газбен қамтылады

Талдықорған маңындағы барлық ауылдар 2025 жылға қарай газбен қамтылады
Сурет: TravelAsk

Қазір облыс тұрғындарының 10 пайызы ғана көгілдір отынға қол жеткізген.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу облысына жұмыс сапары кезінде өңірдің газбен қамту мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Оның айтуынша, бұл шара халықтың жайлы өмір сүруіне, тұрмыс сапасын жақсартуға әсер етеді. Сондай-ақ, экологиялық мәселелерді шешуге септігін тигізеді.

«Алматы – Талдықорған»  магистральді газ құбыры салынып, облыс орталығына газ толық берілді. 2025 жылға қарай Кербұлақ ауданынан Талдықорған қаласының маңына дейін барлық елді мекенді газбен толық қамтамасыз етуді тапсырамын. Сонымен қатар, «Талдықорған – Үшарал» бағытында газ құбырын тарту керек. Бұл 180 мың адам тұратын Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарына газ жеткізуге мүмкіндік береді», - деді Президент.

Мемлекет басшысы Үкіметке осы жобаны қаржыландыруды тапсырды.

«Сонымен бірге, газ желісіне қосылу құны азаматтар үшін тым қымбатқа түспеуі қажет», - деді Тоқаев.