Тақия трендке айналды

Тақия трендке айналды
almaty-akshamy.kz

Тоқсаныншы жылдардың бас кезінде қазақтың ұлттық киімдерін Наурызды тойлағанда ғана киетінбіз. Қосетек көйлекті,  қапсырмалы бешпет пен оюлы тақияны тек дәстүрлі өнер өкілдері мен әнші-бишілер киеді деп қабылдадық. Кейіннен ұзатылатын қыздар қазақтың ұлттық киімдерін кие бастады. Біртіндеп той-томалақтарда қазақы ою-өрнекті киімдер сәнге айналды. Бүгінде ұлттық стильдегі киімдер мен аксессуарлар жаңа заманға лайықталып, қайта жаңғыруда.    

Кейінгі кезде қазақ қыздарының арасында тақия кию трендке айналды. Тек той-томалаққа ғана емес, театрға, концерттерге, тіпті көшеде де қыздардың тақия киіп жүргенін жиі кездестіретін болдық. Тақияны тек қыздар ғана емес, тіпті жас келіншектер де киіп жүр.

Ұлттық киімдер мен бұйымдар шығаруды кәсіпке айналдырған кәсіпкерлердің айтуынша, тақияны негізінен 16–25 жас аралығындағы қыз-келіншектер алады екен.

Минимализм стиліндегі тақия сәнде

Қазіргі заманға лайықталып, минимализм стилінде тігілген тақиялар қазақ аруларының көркін аша түсті. Әлеуметтік желіде «тақияны тек тұрмысқа шықпаған жасөспірім қыздар ғана киген, бүгінде оны келіншектер де киіп жүр» деген де пікірлерді көзіміз шалып қалды. Дегенмен, соңғы кездерде қыз-келіншектердің, жалпы қазақ жастарының ұлттық нақыштағы дүниелерге деген қызығушылығының арта түскені  қуантады. 

Белгілі отандық дизайнер Еркеназ Ақтілеуованың айтуынша, бүгінде ұлттық бас киімдерге сұраныс жоғары. Дизайнер жұбайы Әлішер Бақытпен бірге алғаш қыздарға арналған тақияларды шығара бастағанда бас киімнің барынша қазақы нақышта болуына назар аударғанын айтады.  Олар трендке айналған бас киімді ұлы Абай киген тақияның формасына ұқсатып жасаған.

«Алғаш тақияны тіге бастағанда өзбекше сияқты болып кетпеуіне, түсі тым қанық болмауына назар аудардық. Тақияларды аса қатты әшекейлеу, фурнитуруаны көп қолдану сәнін кетіреді және күнделікті өмірде киюге ыңғайсыз. Қазіргі жастардың талғамына сай етіп, минимализм стилінде шығаруымыздың өзі жастардың ұлттық киімдерге деген қызығушылығын арттыру мақсатында болды», – дейді Әлішер Бақыт.  

Дизайнер ұлттық киімдер мен аксессуарларды  ғана емес, ұлттық дүниенің бәрін қайта жаңғыртып, қазіргі заманға бейімдеу керектігін алға тартады.  «Ұлттық киімдерімізді брендке айналдыру үшін жаңа заманға лайықтап, күнделікті тұрмыста қолданылуға ыңғайлы етіп жасау керек», –  дейді ол.

Тақияның тарихы

Қазақтың ұлттық киімдерінің ішіндегі ең сәндісі де, мәндісі де  – әйел адамның  бас киімдері. Соның ішінде тақияның орны ерекше, өйткені бұл бас киімді қыздар ежелден-ақ күнделікті тұрмыста киген. Тақия – барқыттан, қамқадан тігілетін жазғы жұқа бас киім. Қазақ қыздары киген тақия ертеректе алтын-күміс әшекейлермен, ақ тиын, сусар, бұлғынның үлбірлерімен сәнделген.  

Өнертанушы Сабыркүл Асанованың  «Қазақтың ұлттық киімдері және қолөнері тарихы» еңбегінде қазақтар ұлттық бас киімдерін XV ғасырда Қазақ хандығы орнағаннан бастап кие бастағаны айтылады. ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап халық киімдеріне өзгерістер ене бастаған.

Тарихи мәліметтерге сәйкес, қазақ халқының бас киімі ерлерге және әйелдерге арналған бас киімдер болып екіге бөлінеді. Әйелдерге арналған бас киімдер көзтартарлықтай ерекше безендірілетін болған. Өнертанушылардың айтуынша,  тақияны тұрмысқа шықпаған қыздар киген, бірақ оны кию міндетті саналмаған. Тақия Қазақстанға Орта Азия қолөнершілері арқылы келген деседі. XIX ғасырдың бірінші жартысындағы  қазақ тұрмысын зерттеушілердің   жазуына қарағанда қыздар киетін тақияның төбесі үшкірлеу келген. XIX ғасырдың соңында төбесі дөңгелек түрінде тұтас ойылған, онша биік емес цилиндр пішіндісі пайда болған. Қыздар тақиясы алтын және күміс кестелермен өрнектелген. Бас киімдер майда моншақ, қымбат тастар, маржан, шашақтармен әшекейленген. Қыз балаларды тіл-көзден сақтасын деген сеніммен тақияның бөбесіне майда моншақ жіптермен үкі таққан. Үкі - қазақтың түсінігінде әсемдіктің белгісі. Ертеректе киімдердің етек-жеңіне ою-өрнек салу, үкі тағу жын-перілерден, пәле-жаладан, ауру-сырқаудан қорғайды  деген сенімнен туған. Сондай-ақ, үкіні тақия, сәукеленің төбесіне, домбыраға, бесікке қадаған.

Қазақ қыздары үкілі тақияны үш жасынан бастап 18 жасқа дейін, яғни бойжеткенше киген. Бес жасқа толғанда шашын өріп, шолпы таққан. Ал бойжеткен соң кәмшат бөрік киген. Қыздардың тақиясы қызыл, алқызыл, күлгін, жасыл түстермен барқыт секілді матадан сырып тігілген. Ол түрлі-түсті моншақ-маржанмен безендірілген.

Халқымызда тақия – тек қыздардың ғана емес, ер адамдардың да бас киімі. Ер адамдардың арасында тақияны тастамай киетіндер бар. Ерлердің тақиясы әшекейлермен безендірілмейді, олар биік төбелі, тегіс төбелі, үшкір төбелісін киеді. Оларға мүйіз, шырмауық секілді өрнектер салынады, тақия пүліштен, ал астарын жібек матадан тігіледі.

Кейде аулада ойнап жүрген кішкене қыздардың арасында басына хиджап киген балақайларды байқап қаламын. Құрдастарымен есі шығып жүгіріп, секіріп ойнап жүрген қыз балалар басына не үшін орамал тағып жүргенін өздері де түсінбейді. Бала ғой. Ата-анасы басына орамал тағып берген соң солай жүре береді. Осындайда өз тамырымыздан ажырап, не қазақ емес, не басқа емес, әркімге еліктеуіш халық болып кеткенімізге қынжыласың. Сондықтан ұлттық киімдерімізді киюдің де өзіндік сыры, ерекшелігі, мән-мағынасы болатынын біле жүрсек екен.