Сайлауға дайындық мәселелері талқыланды

Сайлауға дайындық мәселелері талқыланды
almaty-akshamy.kz

Алматыда ағымдағы жылғы 20 қарашаға белгіленген Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына дайындық және оны дұрыс өткізу мәселелері жөнінде семинар өтті.

Аумақтық және учаскелік сайлау комиссиялары жұмысының тиімділігін арттыруды мақсат еткен іс-шараны Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы Алматы қалалық аумақтық сайлау комиссиясы ұйымдастырды.

Алматы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Жанна Асанова жүргізіп отырған семинар жұмысына Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров, Алматы қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары Қанат Сухамбеков, ПД полковнигі  Диас Дуанбеков және Алматы қаласының аймақтық учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері, ҚР Президенттігіне үміткерлердің сайлауалды штабының өкілдері, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, прокуратураның, отандық бақылаушылар, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.

Семинар барысында Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров кезектен тыс Президент сайлауы ел өміріндегі маңызды саяси оқиға екенін айта келіп, слайд арқылы елдегі сайлау науқанына дайындыққа қысқаша тоқталып өтті. Оның айтуынша, Орталық сайлау комиссиясы еліміздің барлық өңірінде 20 қарашаға белгіленген Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу мәселелері жөнінде кездесулер ұйымдастырды. 

Алматы қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары Қанат Сухамбеков сайлау науқанын дайындау мен өткізуге байланысты сайлауды ұйымдастырушылар қызметінің негізгі аспектілерін, сайлаушылар тізімі бойынша атқарылған жұмыстар, сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін сайлау учаскелерінің физикалық қолжетімділігін және дауыс беру шарттарын қамтамасыз ету туралы жан-жақты баяндады.

– Қазақстан Республикасы заңдарына сәйкес Алматы қаласы бойынша

1179 590 мың сайлаушы тіркелген. 600 учаскелік сайлау комиссиясы бар. Оның 531-і ашық форматтағы мекенжайлар болса, қалған 69-ы аурухана мен әскери орындар сынды арнайы мекемелер. Алматылықтар сайлаушылар тізімнен өздерін https://mapalmaty.kz сайты арқылы, Open Almaty порталында немесе Telegram Bot @almaty_sailau2022_bot арқылы тексеріп, өз сайлау учаскесінің мекенжайын біле алады. Сондай-ақ, 1315 нөміріне 8.00-ден 20.00-ге дейін қоңырау шалуға болады. Сайлау күні, яғни 20 қарашада өтетін кезектен тыс президент сайлауында Алматы қаласы әкімдігі мүмкіндігі шектеулі азаматтардың еш кедергісіз сайлауға қатысуына жағдай жасау мақсатында барлық жағдайды қарастырып отыр. Сайлау күні 50-ден астам инватакси қызмет көрсетеді. Мүгедек жандарға арнап арнаулы бұрыш жабдықталады, сондай-ақ, пандустармен, кіре берістерге тактильді белгілер қойылады. Алдағы сай­­лаудың барынша жоғары дең­гейде өтуі үшін барлық сай­лау учаскелері қа­жетті жаб­дықтармен қамтамасыз етіледі. Учас­ке­лерде міндетті түрде тәуелсіз байқаушылар болады, - деді Қанат Сәдуақасұлы.

Алматы қаласы Полиция департаментінің өкілі Диас Еркінбайұлы сайлау науқанын өткізудің заңдылығын қамтамасыз ету жөніндегі шараларға, сонымен қатар сайлау заңнамасының нормаларын бұзушылықтың құқықтық салдарына назар аударды.

Іс-шараға қатысушылар дауыс беретін күні электронды төлқұжатты пайдаланудың тәртібін, ашық әрі әділ сайлау өткізу мақсатындағы өзекті мәселелерді, сайлау процесіне қатысушылардың өзара іс-қимылы тиімділігін арттырудың нысандары мен әдістерін, сонымен қатар сайлау күні учаскелік сайлау комиссиялары қызметінің ұйымдастырушылық аспектілерін талқылады.

Семинар барысында Алматы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Жанна Асанова спикерлердің сөйлеген сөздері, сондай-ақ белсенді пікір алмасу қатысушылардың барлығы үшін пайдалы болатынына, семинарда алған ақпараттарды учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері дауыс беруді ұйымдастыру мен өткізу жөніндегі өздерінің тікелей жұмысында табысты пайдаланатындарына сенім білдірді.

Ал Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров: «Біздің ортақ және негізгі мақсатымыз, бұл – саяси науқанды сайлау заңнамасының талаптарына сәйкес өткізу», - деп семинар жұмысын қорытындылады.