Бір рет сайланған Президент қайта сайлауға түсе алмайды

Бір рет сайланған Президент қайта сайлауға түсе алмайды
Сурет: Facebook.com

Жолдауды қолдау. 

Президенттің 7 жылға сайлануын және одан кейін қайта сайлауға түспейтінін көпшілігі қолдауда. Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бақыт Беделхан да Жолдауға қатысты өз ойын білдірді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Алаулаған армандар мен жалаулаған дүниемен жүруге болмайтын заман қазір. Сабырлы да салиқалы, өте салмақты жолды таңдап отырған қазіргі біздің Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың мына бағыт-бағдары көңілге қонымды. Әлемдік деңгейдегі дипломатиялық саясат ұстанған, тәжірибесі мол, қазіргі жаһандану кезеңіндегі жан-жағымызды өрт, дерт жалмап жатқан уақытта, әркімнің пендешілігі оянып тұрған кезеңде өте бір салиқалы саясат ұстану - ол бәрімізге міндет. Осы дүниені ол кісі өзі айтты о баста. Революциялық жолды емес, эволюциялық жолды таңдаймын деп. Сол сияқты бірте-бірте бірыңғайлыққа, бірте-бірте дұрыс ыңғайға келе жатқан жолы көріп отырмыз. Сондықтан мына 7 жылда бір-ақ рет сайланатын Президентті заңға енгізу бұл өте орынды дүние деп ойлаймын. Өзі де өз сөзінде айтып кетті, жеті жылда адам арман-мақсатын, жоспарын түгел орындауға тырысады», - дей келе белгілі ақын Бақыт Беделхан Президенттің бұл бастамасын қолдап отырғанын жеткізді. 

«Ең бастысы, біздің мемлекетіміздің бейбітшілігі бесіктей тербеліп тұру. Әділетті мемлекет, тұтас ұлт және берекелі қоғам орнату. Ұлттық қордан халық, ел, болашақ ұрпақ енші алуы. Оның арасындағы  Президент сайлауы ең үлкен дүние, шұғыл, аяқасты елді ойландырып қойған нәрсе болуы мүмкін. 7 жылға бір рет сайланып, қайта түсуінің өзі - әр Президенттің сол мерзімде шұғыл және өз-өзін көрсете алатын, 7 жыл дегенде былай қарағанда көп сияқты болғанмен, аз уақыт. Бір рет сайланған қайта сайланбайды, қайта түсе алмайды. Оның өзі қадап, қазықтай қылып кетсе, мемлекетіміздің дамуына үлкен серпін беретін дүние деп ойлаймын», - дейді Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары.