Итбалық тағы да қырылды

Итбалық тағы да қырылды
Сурет: Балық шаруашылығы комитетінің баспасөз қызметі
2023 жылғы 15 қазан сағат 10:40-та Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының Маңғыстау облысы бойынша балық инспекциясы басқармасы қызметкерлері Түпқараған ауданында Баутино ауылының маңында 25 өлі итбалық ұшасы мен 33 дана бекіре тұқымдас балықтарды тапты, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz Балық шаруашылығы комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Балық шаруашылығы комитетінің хабарлауынша, табылған теңіз жануарлары мен балықтардың өлекселері әртүрлі дәрежеде ыдыраған, бұл олардың өлімі әр уақытта болғанын көрсетеді.

"Қолданыстағы өзара іс-қимыл схемасына сәйкес, осы факт туралы жұмыс тобының барлық мүшесіне (жергілікті атқарушы органдар, мамандандырылған ғылыми ұйымдар, Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығы, Гидробиология және экология институты, Қазақстандық қолданбалы экология агенттігі, Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығы, облыстың ветеринариялық қызметі, экология және полиция департаменттері, табиғатты қорғау прокуратурасы) хабар берілді. Итбалық табылған жердегі жұмыс тобын Жайық-Каспий облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары басқарып жатыр. Жұмыс тобының қалған мүшелері су, ауа, топырақ сынамаларын алу үшін және мүмкін болса, өлі жануарлар мен балықтардың тіндерінен сынамалар алу үшін барады", - деген Балық шаруашылығы комитеті таратқан хабарламада.

Сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген жануарлар түрлерінің жойылу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.