Су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің оқушылары сауықтыру орталықтарына жіберіледі

Су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің оқушылары сауықтыру орталықтарына жіберіледі
Сурет: Gov.kz

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев өңірлік білім басқармалары басшыларының қатысуымен өткен аппараттық кеңесте су тасқынынан зардап шеккен аймақтардағы балаларды еліміздегі ең үздік жазғы сауықтыру орталықтарына жіберуді тапсырды.

Ведомство басшысы оқу процесін сапалы ұйымдастыра отырып, балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауға ерекше назар аудару қажет екенін атап өтті. Балалардың құқықтарын қорғау комитетіне ең алдымен көмекке мұқтаж отбасылардағы оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыруды тапсырды.

Айта кетейік, еліміздегі жыл бойы жұмыс істейтін 11 сауықтыру орталығы 6-сәуірден бастап оқу процесін ұйымдастыра отырып, балаларды қабылдауға дайын. Оқушыларды тасымалдау үшін министрлік қауіпсіздік жөніндегі нұсқаулық пен ведомствоаралық іс-қимыл алгоритмін әзірледі.

Аппараттық кеңес барысында министр балалардың қауіпсіздігімен қатар, су тасқыны салдарынан қиын жағдайға тап болған педагогтерді қолдау мәселесіне де тоқталды. Ведомство басшысы су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысқан әріптестеріне көрсеткен кәсібилігі, адамгершілігі және шынайы патриотизмі үшін алғысын білдірді.