Су тасқынына қатысты 29 жалған дерек анықталған

Су тасқынына қатысты 29 жалған дерек анықталған
Сурет: интернеттен

Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева айтты.

Министр алаяқтар су тасқыны жағдайын өздерінің жеке мақсатына пайдалана бастағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Су тасқыны туралы жалған ақпараттың мақсаты – дүрбелең тудырып, қазақстандықтарды жікке бөліп, адастыру. Қазір еліміздегі су тасқынымен күрес қарқынды жүріп жатыр және оның қаупі әлі бәсеңдеген жоқ. Қарғын сумен күреске қолдағы барлық күш пен резерв, адам ресурсы мен қажетті техникалар түгел жұмылдырылды. Су басқан өңірлердің тұрғындары, олармен бірге жиырма мыңнан астам волонтер мемлекеттік органдармен бірігіп жұмыс істеп жатыр», деп жазды мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.

Министрдің айтуынша, апаттар мен су тасқыны туралы жалған хабарларға байланысты құтқару бригадаларының жұмыс күші қажет емес жерлерге бағытталған жағдайлар да болған. Соның кесірінен уақыт текке кетіп, ресурстар пайдасыз шығын болып, ақпарат саласына жүргізілген мониторинг барысында жалған ақпарат болып шыққан 29 факті анықталғанын мәлімдеді.

Көп тараған жалған ақпараттар қатарына бөгеттердің бұзылуы, республикалық маңызы бар жолдарды су басуы, су қоймаларындағы, электр станцияларындағы және басқа да стратегиялық объектілердегі апаттар, ауыз судың ластануы, эвакуациялау орындары, қаражат жинау және төлеу туралы жалған мәліметтер жатады.

"Мәселен, Ақтөбедегі су қоймасы шлюздерін ашу туралы әлеуметтік желіде жалған ақпарат тарады. Оны кейін Ақтөбе облысының әкімдігі жоққа шығарды", - деп мысал келтірді министр.

Қостанай облысының әкімдігі Б.Майлин ауданындағы Аят өзені арқылы өтетін көпірдің бір бөлігінің құлауы, сондай-ақ өңірдегі мал қорымдарын су басқаны туралы хабарламаны ресми түрде жоққа шығарды.

Ол осы фактілер бойынша төтенше жағдай қызметкерлері сол жерлерге арнайы барғанымен, ақпараттың расталмағанын айтты.

"Бұл кезде басқа жерлердегі көмекке шын мұқтаж жандар күтіп отыратынын, олардың арасында балалардың бар болуы мүмкін екенін ұмытпайық", - деді министр.

Денсаулық сақтау министрлігі де су басқан аумақтарда жұқпалы аурулардың өршу қаупі және эпидемиологиялық қызмет тарапынан жағдайды бақылаудың жеткіліксіздігі туралы жалған ақпарат тарағанын мәлімдеп отыр, дейді Балаева.

Балаева тасқыннан зардап шеккендерге арналған төлемдер туралы да әдейі жалған хабарламалар тарату үлкен қауіп төндіретінін айтты.

"Соңғы күндері су тасқынынан зардап шеккендерге мемлекет басшысы тарапынан уәде етіледі деген миллиондаған доллар төлемдері, премьер-министр мен үкімет мүшелерінің атынан ақшалай қаражат жинау туралы жалған хабарламалар пайда болды", - деді ақпарат министрі.

Балаева мұндай ақпаратқа сенбеуге шақырып, алаяқтар су тасқыны жағдайын өздерінің жеке мақсатына пайдалана бастағанын мәлімдеді.

"Олар қазақстандықтардың жеке деректері мен қаржы ресурстарын анықтау үшін интернетте "Төлемдерді білу үшін ЖСН-ді тексеріңіз", "3 миллион теңгеге дейін өтемақы алу", "Мемлекеттен мүмкіндігінше тезірек жәрдемақы алу" деген сияқты хабарламалар жариялайды", - деп жазды министр.

Балаеваның айтуынша, жарнамаларын сенімді көрсету үшін қылмыскерлер қазақстандық банктер мен мемлекеттік мекемелердің атауын пайдаланады. Ол мұндай көрінеу жалған хабарламалардың барлығы мемлекеттік органдар арқылы жедел жоққа шығарылып, барлық факті бойынша құқық қорғау органдарына хабарламалар жіберілгенін мәлімдеді.

Барлық анықталған заңсыз фактіге құқықтық баға беру, жедел-іздестіру және іс жүргізу үшін материалдар құқық қорғау органдарына жолданды, дейді министр.

"Сондықтан тек ресми және расталған ақпаратқа сеніңіздер. Барлық күмәнді фактіні бірнеше рет тексеріңіз және күмәнді хабарламаларды ары қарай таратпаңыз", - деп ескертті Балаева.