SKILLS ENBEK платформасында 89 мыңға жуық қазақстандық оқыған

SKILLS ENBEK платформасында 89 мыңға жуық қазақстандық оқыған
Сурет: Inbusiness.kz

Оның 23 мыңға жуығы сертификат алған.

Курс оқыған жұмыссыздар - негізінен Қызылорда, Түркістан, Алматы және Жамбыл облысының жастары, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері 89 мыңға жуық жұмыссыз азамат SKILLS.ENBEK.KZ онлайн кәсіптік оқыту платформасында оқыды.

Платформада жалпы 283,1 мың қазақстандық тіркелген.

"Платформа іске қосылған сәттен бастап авторлар 212 курс жариялады, оның 159-і тегін. Курстардың ұзақтығы 1-ден 72 сағатқа дейін болды. Ең танымал курстар – "Выращивание клубники от А до Я", "Птицеводство. Выращивание бройлеров", "Откорм крупного рогатого скота", "Ірі қара малды бордақылау" және "Кассир" курстары болды", - делінген министрліктің ақпаратында.

Оқуға тікелей https://skills.enbek.kz/ сілтемесі арқылы немесе Электрондық еңбек биржасында (enbek.kz) "Онлайн оқыту" бөлімін таңдау арқылы өтуге болады.

Оқу аяқталғаннан кейін білім алушы 70% шекті деңгеймен тест тапсыруы тиіс. Онлайн курсты сәтті аяқтаған жағдайда сертификат беріледі.

Бұл сертификат Электрондық еңбек биржасында (enbek.kz) тіркелген кезде білім алушы жасаған түйіндемеде автоматты түрде көрсетіледі. Яғни, жұмыс берушілер жұмысшының SKILLS.ENBEK.KZ-те табысты оқығаны туралы сертификаттарды көре алады.

"Авторлар мен әзірлеушілер бұл платформада өздерінің онлайн курстарын тегін орнасатыра алады. Курстар мемлекеттік және орыс тілдерінде болады. Сондай-ақ ақпарат берудің әртүрлі форматтары: мәтін, презентация, бейне және аудио материалдар, инфографика және басқа түрлері болуға тиіс. Ұсынылатын онлайн курстардың ұзақтығы 6-дан 144 сағатқа дейін болады", - делінген ведомство таратқан хабарламада.