Сындарлы ойдың негізі

Сындарлы ойдың негізі
Сурет: ашық дереккөз

«Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың  сұхбаты қоғам өмірінде үлкен сілкініс туғызды. Мемлекет басшысының тұжырымдарын еліміз дамуының  алдағы жылдарға арналған стратегиялық бағдарламасы деп қабылдасақ та болады.

Сұхбат  тәуелсіз еліміздің мүддесі  қорғалған, болашағы батыл айқындалған бағдарларды,  қоғамдық санада  қалыптасқан бүгінгі  өзекті мәселелерді  қамтуымен құнды болып отыр. Президент тұжырымдары  халық көңілінен шыққан сындарлы ойлар мен тың идеяларға толы.

Қазақстан  халықаралық қауымдастықтың іргелі, белсенді қатысушысы ретінде шартараптағы  үдерістен қала алмайтыны анық. Сондықтан алдымызда мемлекетіміздің сындарлы, бейбіт және өркениет жолымен өрлеуін қамтамасыз етудің абыройлы парызы тұрғаны белгілі. Президент сұхбаты қазіргідей қиын кезеңде, жан-жақтан елімізге арандатушылық ақпараттық шабуыл үдеп тұрған тұста  әрбір қазақстандықтың санасына серпінді сілкініс алып келді.

Қазаққа өткеннен  сабақ алатын  өкінішті оқиғаларды  қайталамауға үйрететіндей, алдағы уақыттарда  тек жеңіске жетелейтіндей тылсым күш керек. Ол күшті  Президент  сұхбатынан алуға болады. Елде қасіретті қаңтар оқиғасы туралы күдікпен қатар күмән бар да біздің көңіліміз тыныш болмасы анық. Президент ол туралы сыннан өткізілген ақпараттарға  әбден көзін жеткізіп, алғашқы рет ашық айтуы  көп жағдайдан хабар береді. Сол арқылы өткен билік гвардиясына да, өзін оппозициялық топ санайтындарға да тағы бір ойлануға мүмкіндік беріп отыр.  Рас, ұлт ретінде, халық ретінде, жақсы, жаман болсын, біздің бұдан басқа отанымыз жоқ екенін де айтып отыруы көпті ойлантуы тиіс. Шындық, ақиқат қоғамды сауықтырады, оны сергітіп, оңы мен солын дұрыс тануға жол бастайды. Бұл жерде сана жаңғыруы тиіс.  Субъективті фактор ретінде шынайы айтылған сөз халықтың бірлігін нығайтатыны билік пен халықтың өзара гармониясына позитивті ықпалын тигізетіні анық. Мұндайда өтіріктің өрісі тар. Ал «туған халқымыз ғой, сондықтан мақтай берейік» деген көзқарас  өрге басатын елдің қабылдайтын ұстанымы болмауы тиіс. Президент өз сұхбатында осы мәдениетті әдемі жеткізе білген.    

     Негативті зарлап айта беру қолдарынан түк келмейтін, өзін  азамат, ұлт адамы ретінде  сезінбейтіндерге яғни, құлдарға ғана тән. Негатив – рухты тұншықтырушы фактор. Алаш ардақтысы Мұстафа Шоқай: «Жаман халық деген жоқ, жаман адамдар бар, адамгершілігі мол мемлекет деген болмайды, адамгершілігі мол адамдар болады» деп айтқандай, Президент мемлекетті қорғайтын, оның ар-намысын көздің  қарашығындай  сақтайтын  ұлттық кадрларды қалыптастыруды  аманаттап отыр.  Жас кадрлардың нағыз өмір мектебі, біліктілікке  төселуі қызмет барысында, ұжымдағы, айналасындағы әріптестерімен ой-қақтығысы кезінде шыңдалатыны айқын.

Мемлекет басшысы еліміздің  әділ және бәсекелі экономика  жүйесін құру, экономиканы  әртараптандыру және монополиядан арылу, инфрақұрылымды жаңғырту, инвестиция тарту жұмыстарымен айналысу қажеттігін  ескеруі ел дамуының ілгері басуына бастайтын шара.  Қабылданып жатқан шаралар бойынша ардагерлер қауымы арасында консенсус бар. Біз Алматы қалалық Ардагерлер кеңесі Президенттің сұхбатта айтылған бастамаларына барынша қолдау білдіреміз.    

Жалпы, Президенттің сұхбатында  осы және басқа да  маңызды мәселелер жан-жақты талқыланған. Онда қоғамды алаңдатқан көптеген сауалдарға нақты жауап берілген. Сұхбат дамудың  қазіргі кезеңінде мемлекетіміздің  алдында тұрған негізгі  міндеттерді белгілеп беруімен де құнды.