ШҚО-да 500-ден астам бала қазақ тілін үйрену үшін ауылда бір ай тұрады

ШҚО-да 500-ден астам бала қазақ тілін үйрену үшін ауылда бір ай тұрады
Сурет: Ашық дереккөз

Балалар туған өлкенің тарихы мен дәстүрлері туралы біле алады.

Шығыс Қазақстан облысында балаларға қазақ тілін үйрету үшін «Қонақ отбасы» жобасы жүзеге асырылмақ, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

ШҚО әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, балаларға қазақ тілін үйрету үшін биылғы жазда екі пилоттық жоба қолға алынбақ.

«Біріншісі - жазғы лагерлер, екіншісі - Еуропа елдерінің үлгісі бойынша «Қонақ отбасы» жобасы. Бұл тәжірибелерді зерттеп, оларды біздің жағдайға бейімдеуіміз керек. 500-ден астам бала 30 күн ауылдағы қазақ отбасыларында қонақта болып, ауызекі қазақ тілін үйренетін болады. Осы ретте, Катонқарағайды басым аудан ретінде таңдап отырмыз. Өйткені мұнда оқыту үшін ғана емес, нәтижелі және пайдалы демалыс пен сауықтыру үшін де барлық мүмкіндік бар», - дейді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Дәл осы жерде балалар туған өлкенің тарихы мен дәстүрлері туралы біле алады. Енді білім басқармасы мен аудан әкімдігі қолайлы отбасыларды іздеу бойынша жұмыс жүргізуі тиіс.

«Мұнда санитарлық жағдайдан бастап үйдегі психологиялық ахуалға дейін барлығын ескеру қажет. Баланы қабылдайтын әрбір отбасы 181 мың теңге алады. Сондай-ақ тілді үйрету ғана емес, экскурсияларды, дәстүрлі ойындарды қамтитын бағдарлама әзірлеу керек», - дейді аймақ басшысы.