Шымкентте үй иесі қарызынан құтылу үшін бала күтушінің атынан несие рәсімдеген

Шымкентте үй иесі қарызынан құтылу үшін бала күтушінің атынан несие рәсімдеген
Сурет: Ашық дереккөз

Әйел өз атынан өзге біреудің несие алғанын біліп, жедел түрде полицияға жүгінген

Шымкентте үй иесі бала күтушінің аңғалдығын пайдаланып, атынан несие рәсімдеген, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Шымкенттегі Абай ауданының полиция басқармасына Түркістан облысының 57 жастағы тұрғыны арызданған. Оның айтуынша, 2022 жылы шілде айында Шымкентте ауқатты тұратын отбасында бала күтушісі болып қызмет еткен. Сол кезде аталған жанұяның мүшесі жасырын түрде оның телефонын алып, банк қосымшасы арқылы 1 млн теңге көлемінде заңсыз несие рәсімдеген. Әйел өз атынан өзге біреудің несие алғанын біліп, жедел түрде полицияға жүгінген.

"Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 190-бабымен (Алаяқтық) тіркеп, жедел іздестіру шараларына кірісті. Криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру жұмыстары нәтижесінде күдікті бір тәулік ішінде қала аумағында қолға түсті. Ол Шымкент қаласының 26 жастағы тұрғыны болып шықты. Күдікті уақытша жұмыссыз", - делінген хабарламада.

Тергеу барысында ұсталған азаматша бала күтушінің аңғалдығын пайдаланғанын мойындап, заңсыз әрекетке қарызынан құтылу үшін барғанын және бұл үшін өкінетінін айтты. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу әрекеттері жалғасып жатыр.