Шахматтан отандық қыздар құрамасы үздіктер қатарында келеді

Шахматтан отандық қыздар құрамасы үздіктер қатарында келеді
Сурет: Almaty.tv

Норвегиялық гроссмейстер Магнус Карлсен көштің басын ешкімге берер емес

Шахматтан отандық қыздар құрамасы үздіктер тобында. Бүгін тартысты бәсекенің үшінші күні өтіп жатыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv-ге сілтеме жасап.

Бүгін - әсем қала Алматыны дүбірге бөлеген сайыстың үшінші күні. Қазақстан шахматтан байрақты бәсеке басталғалы бері қыздар құрамасынан үлкен үміт күтеді. Өйткені, онда еліміздің бетке ұстар Жансая Әбдімәлік пен Динара Сәдуақасова сынды ойыншылары бар. Олар сайыста сәтті өнер көрсетіп келеді. Аламанда екі қыз 8 ұпайдың алтауын қоржынға байлады. Әзірге олардың алдын жарты ұпаймен қытайлық Тань Чжунъи́, ресейлік Александра Горячкина және үндістандық Савита Шри орап тұр. «Қазақ елінің абыройын арқалап әлем чемпионатына қосылған жас ойыншылардан күтер үміт көп», - дейді Қазақстан шахмат федерациясының өкілдері.

«Турнир аяқталуға жақын қалды. Әлем чемпионаты – психологиялық майдан алаңы. Қазір ойындағы жағдай шиеленісе түсті. Шахматшылар уайымнан фигураларды түсіріп алған сәттер кездесті. Бұл олардың эмоционалды жағдайының көрінісі ғой. Ал төрешілерге ондай сәттерде қателіктерге бой алдыруға болмайды. Сондықтан, барлығын жіті бақылауда ұстау қажет. Жалпы, үш күн ішінде заң бұзылмады», – деді шахматтан халықаралық төреші Арман Ғабдушев.

Ерлер арасындағы аламан да қызып тұр. Норвегиялық гроссмейстер Магнус Карлсен көштің басын ешкімге берер емес. Ол алты ойынды жеңіспен аяқтаса, үш ретте тең ойнады. Әзірге Владимир Федосеев, рапидтен әлем чемпионы, өзбекстандық Нодирбек Әбдісаттаров, германиялық Винсент Кеймердің еншісінде 7 ұпайдан бар. Одан кейінгі сатыда 6 жарым ұпаймен 6 ойыншы тұр. Демек, олар да әлем чемпионы атануға үміткер бола алады.

«Қарсыласым өте мықты болды. Өкінішке қарай, мен жеңіліп қалдым. Дегенмен іштей ештеңеге өкінбеймін. Өзімді шыңдадым, өзгелердің ойынын көрдім. Бұл - мен үшін тәжірибе. Ал жеңіске таласып жатқандарға сәттілік тілеймін. Ең мықты ойыншы жеңіс тұғырынан көрінсін деп тілеймін», – деді шахматтан әлем чемпионатына қатысушы Бенджамен Хальдорсен (Норвегия)

Айта кетейік, жарыстың жүлде қоры - 1 миллион АҚШ доллары. Ал кіл мықтылардың есімі 30 желтоқсанда мәлім болады. Дәл сол күні чемпионаттың жабылу рәсімі өтеді деп жоспарланған. Әлемнің әр түкпірінен келген шаршы тақтаның шеберлері жалпы саны 4 медаль жиынтығына таласады. Алматыда шахматтан әлем чемпионаты қала әкімдігінің қолдауымен өтіп жатыр.