«Салқын бейбітшілік» дәуірі: АҚШ–Қытай қатынасы қайда бет алды?

«Салқын бейбітшілік» дәуірі:  АҚШ–Қытай қатынасы қайда бет алды?
www.cmcmarkets.com

АҚШ–Қытай қатынасындағы өзгерістер біздің аймаққа ықпал ететіні анық. Бұл жайында басылымымыз өткен сандарында кеңірек тоқталған болатын. Жақында ғана АҚШ Мемлекеттік хатшысы Бейжіңге сапарлай барды. Екі ел арасында тоқтап қалған дипломатиялық қарым-қатынас қайта жанданғандай болды. Сарапшылардың көбі Вашингтон мен Бейжің арасында қарым- қатынастың жаңа дәуірі басталды деп жатыр. Бірақ бұл «жаңа дәуір» шын мәнінде нені аңғартады? Бейбітшілік пе, әлде тіпті де тереңдей түскен қайшылық дәуірі ме? Екі мемлекеттің өзара іс-қимылдары бізге ғана емес, тұтас жаһандық геосаяси климатқа әсер етіп отыр. Соны ескергенде, тақырыпқа терең көз салуға тура келеді.

Бейжіңде АҚШ Мемлекеттік хатшысы Этнони Блинкен Қытай басшысы Ши Жінпіңмен (Си Цзиньпин) кездесті. Бұл оның кезекті сапарының белгілі деңгейде сәтті болғанын көрсетті. Себебі, бұл кездесу болмауы да мүмкін еді. Сонау ақпаннан бері екеуінің кездесетіні жайында бірде-бір сөз айтылмаған болатын. Ресми ақпарат құралдарының өзі ол жайында бір сағат бұрын ғана білді. Оған дейін америкалық дипломат Қытайдың қазіргі және бұрынғы Сыртқы істер министрлерімен кездесіп, көзқарас алшақтығын қысқартуға тырысты. Осы үш бірдей кездесуден байқағанымыздай, Бейжің мен Вашингтон арасындағы қайшылықтың қатпары қалың. Оны еңсеріп, қарым- қатынасты оң бағытқа жылжыту оңай еместей.

Қазіргі жаһандық картинада мемлекеттердің саяси үйектерге бөліну үрдісі ашық мойындала бастады. Батыспен терең шиеленіс жолына түскен солтүстік көршіміз, түптеп келгенде, мәселені қарумен шешуге ұрынды. Ал әлемнің алдыңғы экономикасы әрі шартсыз держава – Америка Құрама Штаттарымен ұстаным және мүдде қайшылығына дөп келген шығыс көршіміз қандай жолды таңдауы мүмкін? Бейжің мен Вашингтонның қалт еткен қимыл-қозғалысынан әлем елдері осының жауабын іздейді. Біздің де назар аударып отырғанымыз сондықтан.

Кездесудегі іс-қимылдар мен сөз ләмдері екі елдің болашақ байланыс картасына жол сілтейтін мессеждерге толы болды. Былайша айтқанда, Блинкеннің Бейжің сапары АҚШ– Қытай қатынасының даму бағытын болжауға мүмкіндік берді.

Кездесудегі кілтсөздер

Қытай басшысы АҚШ Мемлекеттік хатшысын Халық мәжіліс залында қарсы алыпты. Бұл әдетте мемлекет басшыларын күтіп алатын орын. Бұған қарап Қытайдың да қайшылықты шешуге ниеті аңғарылды. Дегенмен, тұтас жағдайды анықтайтын басқа да символдық белгілер бар.

Кездесудегі сөзінде Қытай басшысы: «Әлем үшін тұрақты Қытай–АҚШ қарым- қатынасы қажет. Екі елдің дұрыс тіл табыса алуы қазірге және болашаққа әсер етеді. Қытай мен АҚШ-тың тәуелсіз дамып, бірге өркендеуіне мүмкіндік бар», – деді. Бұл, әрине, кездесуге деген жылы лебіз. Онымен қоса, Ши Жінпің өткен жылы Индонезияда президент Байденмен кездесуінде қол жеткізілген консенсусты бірлесіп орындауға шақырды. Бірақ сөзінің соңында зіл де жатты. «Бәсекелестік АҚШ-тың өз проблемалары мен әлем алдында тұрған сын- қатерлерді шешуі былай тұрсын, заман ағымына да сәйкес келмейді. Қытай Америка Құрама Штаттарының мүдделерін құрметтейді, қарсыласуға және оны алмастыруға да ниетті емес. Сол секілді, АҚШ-та Қытайды құрметтеп, оның заңды құқықтары мен мүдделеріне зиян келтірмеуі керек. Бір тарап екінші тарапты өзінің заңды даму құқығынан айыру былай тұрсын, өз қалауы бойынша қалыптастыра алмайды», – деді ҚКП ОК төрағасы.

Турасында бұл сөздер екі елдің түпкілікті мүдде қайшылығына қаратылып айтылған. Ал өз кезегінде Блинкен былай деді: «АҚШ пен Қытайдың екіжақты қарым-қатынастарын жақсы басқаруға жауапкершілігі мен міндеттемелері бар. Қытаймен жоғары деңгейдегі алмасулар жүргізуді, тұрақты байланысты сақтап, келіспеушіліктерді жауапкершілікпен шешуді, сондай-ақ, диалог, алмасу және ынтымақтастықты іздеуді асыға күтеміз». Ши – Блинкен кездесуі қысқа болғанымен, тарқатуға тиіс түйіндері көп болды.

Кілтсөзді шешу

Бұл сөзалмасудың ауаны нені аңғартады? Тараптардың диалог пен дипломатиялық алмасуды сақтап қалуды баса айтып жатқанының өзі қайшылықтың қай деңгейге өсіп бара жатқанын білдіріп тұр. Қос тарап та бір-біріне қарсы әрекеттердің бақылаудан шығып, соңы қақтығысқа ұласып кетуінен алаңдайды. Әрі Вашингтон да, Бейжің де мұндай сценарийді қаламайды. Енді бір жағынан, бұл сөздер державалардың тіресі бұрынғыдан көрі ашыққа шыққанын көрсетті. Бұрын жабық әрі нәзік тақырыптар енді ашық қайшылық тақырыбы ретінде ортаға шықты. Қытай басшысының сөз ләмінен екі елдің бір-біріне бағыттаған сыртқы саясатында «дұшпандық» пиғылдың бар екені де мойындалғандай болды.

Ши Жінпіңнің мына бір сөзін тәпсірлей кетелік: «Бір тарап екінші тарапты өзінің заңды даму құқығынан айыру былай тұрсын, өз қалауы бойынша қалыптастыра алмайды». Бұнда Вашингтонның сыртқы саясатына деген Бейжіңнің үлкен қарсылығы байқалады. «Заңды даму құқығы» деп Бейжің өзінің ауқымды ұлттық мүддесін (Тайваньды қамтыған) меңзегісі келеді. Мұны Құрама Штаттар тарабынан өзгерту мүмкін емес деген сыңай танытып тұр. Демек, қайшылық та міне, осы державалық үстемдік пен мүдделер арасынан шыққан.

Алдағы АҚШ–Қытай қатынасы

Бес жылда алғаш рет сапарлай барған америкалық бас дипломат Қытайдың ең жоғарғы лауазымды тұлғаларымен кездесіп қайтты. Сыртқы істер министрі Чиң Гаңды (Цин Ган/Qing Gang) Құрама Штаттарға шақырды және қытайлық әріптесі шақыруды қабылдады. Кездесулерде диалог пен дипломатиялық алмасуларды тұрақты сақтау туралы сөз етті. Демек, алдағы уақытта Вашингтон мен Бейжің арасында дипломатиялық рейстер көбейеді. Ресми кездесулер мен талқылаулар жалғасады. Соның өзі де ұзақ уақыт тоң-теріс күйдегі қарым- қатынастың аз да болса оң бағытқа ыңғай бергені. Дегенмен...

Дегенмен, дипломатиялық барыс-келіске жол ашылғанымен, байланыс сәтсіз құрылды. Кездесулерден кейін тараптардың ешқайсысы үлкен серпіліс жасағандарын мәлімдеген жоқ. Салқынқанды күйде қалып қойды. Алдағы уақытта Қытайдың СІМ басшысы, сауда өкілі, Қаржы министрі де Құрама Штат жеріне барып, екіжақты кездесулер өткізуі мүмкін. Алайда, шиеленісті еңсеретін маңызды шешімдер қабылдай ала ма, жоқ па – мәселе сонда.

Көптеген с арапшылардың аңғарғанындай, келіспеушіліктер терең, әрі қос тарап та бір-біріне жол бере салғысы жоқ. Айталық, Тайвань мәселесінде тараптардың пікір алшақтығы көш бойы жерде тұр. Ши Жінпің билігі ішкі тұрақтылық пен сыртқы амбиция арасында «Үлкен Қытай» принципін берік қарманып, «Қытай арманын» жүзеге асыруға тырыса бермек. Ал Байден әкімшілігі де кейбір ұлттық мүдделерін кері шегеріп Қытайға жеңілдік жасауға, тікелей санкцияларды қысқартуға ниетті емес. Яғни екі ел қажет кезде дипломатиялық байланысты дамытады, қажет кезде тіреседі, қажет кезде қайта консенусқа келіп отырады.

Міне, осыған қарағанда, АҚШ-Қытай қарым-қатынасы Блинкен сапарынан кейін жаңа дәуірге қадам басқаны рас. Бірақ бұл барыс-келіс көбейседе шиеленістер түбегейлі шешім таппайтын, «салқын бейбітшілік» дәуірі болатындай. Тарапт ардың келіспеушілікті бір-бірлеп шешуге көп күш жұмсауына тура келеді.